Қырғызстанда жаңа үлгідегі паспорт беріліп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM —  Елде 3 қарашадан бастап 2025 жылғы үлгідегі жаңартылған дизайны мен күшейтілген қорғаныс элементтері бар жалпыазаматтық паспорттар мен ID-карталар айналымға енгізілді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Қырғызстанда жаңа үлгідегі паспорттар беріліп жатыр
Фото: Кабар

Жаңа үлгідегі паспорттарда 1 және 2 деңгейлі 30-дан астам қорғаныс элементі, сондай-ақ 3-деңгейлі элементтердің көп мөлшері бар. Оларда инновациялық голограммалар мен кинеграммалар, ультракүлгін баспа, криптографиялық чип, жеке деректердің лазерлік гравировкасы, мәліметтер бетінде екі мөлдір терезе, соның ішінде қырғыз ою-өрнегі түріндегі терезе, бірегей визуалды өзгермелі бейнелер қамтылған.

Әрбір визалық бетте елдің барлық өңіріндегі нысандар мен орындар, сондай-ақ тарихи-мәдени нышандар — Манас бейнесі, «Ынтымак Ордо» резиденциясы, Хан-Тәңірі шыңы, Айгүл гүлі және басқа да суреттер бейнеленген. Бұлардың барлығы да құжаттардың қорғаныс элементтері ретінде қызмет етеді.

Қырғызстанда жаңа үлгідегі паспорттар беріліп жатыр
Фото: Кабар

Жаңа үлгіге көшу келесі мүмкіндіктерді береді:
— мемлекеттік шекарадан өтетін азаматтарды есепке алуды жақсарту;
— трансшекаралық қылмыс пен заңсыз көші-қонға қарсы күрестің тиімділігін арттыру;
— құжаттардың қолдан жасалуына және заңсыз пайдаланылуына қарсы қорғауды күшейту;
— өткізу бекеттеріндегі көші-қон бақылауының сапасын арттыру.

Бұған дейін Қырғызстанның Оңтүстік Африкаға паспорт экспортын бастағаны хабарланған болатын.

Еске сала кетейік, бұл жылдың шілде айынан бастап Қазақстан азаматтарына да қосымша қорғаныс деңгейі бар жаңа үлгідегі паспорттар беріліп келеді

Соңғы жаңалықтар