Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалып жатқан топ ұсталды

АСТАНА.KAZINFORM - Қырғызстанның құқық қорғау органдары елде заңсыз наразылық акцияларын өткізуді көздеген бұрынғы саясаткерлер, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері мен азаматтық белсенділерден тұратын қылмыстық топты анықтады, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Қырғызстанда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалып жатқан топ ұсталды
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Шу облысы ішкі істер бас басқармасының мәліметінше, Қырғызстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 278-бабы «Жаппай тәртіпсіздік» бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Арнайы іс-шара барысында аталған топтың белсенді мүшесі, Жалал-Абад облысы, Тоқтоғұл ауданының тұрғыны 1978 жылы туған азамат С.Ф. ұсталған кезде қылмыстың ізін жоюға әрекеттенген.

Азамат М.О. да ұсталды. 1998 жылы туған, Ош облысы Қара-Суу ауданының тумасы. Ол арқылы қаражат заңдастыру бойынша банк операциялары жүргізілген. Анықталғандай, күдікті белсенді Тілекмат Күреновтің және басқа да белсенді тұлғалардың қатысуымен арандатушы сипаттағы видеоматериалдар дайындап, әлеуметтік желілердегі фейк аккаунттар арқылы таратқан.

Полиция Жалал-Абад, Ош облысы мен Ош қаласында тінту жүргізіп, заттай айғақтар тәркіледі.

Жаппай наразылық акцияларын дайындауға және ұйымдастыруға қатысы бар деген күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұған дейін елде мемлекеттік төңкеріс жасау әрекетінің жолы кесілгені хабарланған болатын. 2024 жылдың қараша айында жергілікті кеңестерге сайлау күні жаппай тәртіпсіздіктер жасап, қоғамдық-саяси жағдайды тұрақсыздандыруға дайындалған топтың ұсталғаны туралы да жазғанбыз.

 

Соңғы жаңалықтар