Қырғызстанда Жогорку Кенештің экс-депутатының ұлы ұсталды

Қырғызстанда Ұлттық қауіпсіздік органдары Қамшы Көлбаев ұйымдасқан қылмыстық тобын қаржыландырғаны және табысын заңдастырғаны үшін ҚР Парламентінің бұрынғы депутатының ұлын ұстады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі ҚР ҰҚМК баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Александр Сан,Қырғызстан
Фото: ҚР Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің баспасөз қызметі

Ведомство дерегі бойынша, 2023 жылдың 21 қарашасында арнайы қызмет ҚР ЖК экс-депутаты Борис Санның баласы – Александр Санды ұстады. Оған тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында Қамшы Көлбаев ҰҚТ мүшелерінің қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырғаны және жеке кәсіпкерлік нысандарын заңдастырғаны үшін қылмысқа сыбайлас болды деген айып тағылып, 2024 жылдың 4 қаңтарына дейін тергеу изоляторына қамалды.

Жедел-тергеу шаралары аясында астаналық «Мадина» базарының негізін қалаушы, «Иттипак» ұйғыр диаспорасының көшбасшысы Тұрсынтай Салимовке тиесілі болған бұрынғы балабақша, қазіргі «Роял Спорт» сауықтыру кешені аумағында премиум санаттағы көпқабатты тұрғынүй салу жоспарланғаны анықталды. Құрылысты бастау шарттарының бірі ретінде құрылыс компаниясы кепілдікке қымбат пәтер беруі тиіс болған. Бірақ рұқсат құжаттарды алу мүмкін болмағандықтан келісімшарттың күші жойылды.

Бішкектегі «Мадина» базарының негізін қалаушының ұлы Ильшат Салимов 2020 жылдың қаңтарында Александр Сан және Қамшы Көлбаевпен бірге құрылыс компаниясына тиесілі премиум санаттағы «Магнат» тұрғынүй кешеніндегі құны 300 000 АҚШ доллары болатын, ауқымы 300 шаршы метрлік пәтерді қысым көрсетіп, күш қолдану арқылы заңсыз жолмен иемденіп алған. Кейінірек бұл пәтерді Қамшы Көлбаев Шолпан Атада сауда орталығын салу мақсатында ғимараты бар жер теліміне (бұрынғы Борис Санға тиесілі «Зодиак» казиносы) ауыстырған.

Жоғарыда аталған пәтер Қамшы Көлбаев ҰҚТ мүшелерін қаржыландырумен және олардың қылмыстық жолмен тапқан табысын заңдастырумен айналысқан ҚР ЖК экс-депутаты Борис Санның ұлы – Александр Санның атына рәсімделген.

Сонымен қатар Сан отбасы жалпы құны 80 млн АҚШ доллары болатын 59 бағалы жылжымайтын мүлікке, оның ішінде коммерциялық мақсаттағы нысандарға иелік ететіні анықталды.

Қазіргі уақытта Қамшы Көлбаев ұйымдасқан тобына байланысы бар басқа да тұлғаларды, сондай-ақ қылмыстық жолмен иеленген активтерді табу үшін жедел-тергеу амалдары жүріп жатыр.

Бұған дейін Қырғызстанда атышулы қылмыстық «авторитет» Қамшы Көлбаевты (Қамшыбек Асанбек) ұстауға бағытталған арнайы операция жүргізіліп, атыс кезінде ол қарсылық көрсетіп, ҰҚК арнайы жасағының күшімен көзі жойылғанын хабарлаған болатынбыз.

Сондай-ақ Қырғызстанда қылмыстық іс аясында жүргізілген жедел-іздестіру шарасының барысында Көлбаевқа тиесілі болған, құны 500 мың АҚШ доллары болатын асылтұқымды жылқылар тәркіленді.

Мемлекеттік кеден қызметінің 50-ге жуық қызметкері марқұм болған қылмыс әлемінің серкесі Қамшы Көлбаевпен тығыз байланыста болғаны үшін жұмыстан шығарылды.

Қамшы Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Сапар Исаковқа сыйлаған люкс санатындағы бронды автокөлік те тәркіленгенін еске сала кетейік.

 

Соңғы жаңалықтар