Қырғызстанда жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты мопедтер мен скутерлерді тіркеу міндеттеледі

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 9 желтоқсаннан бастап Қырғызстандағы мопед, скутер, мотороллер және электрскутер иелері көлік құралдарын мемлекеттік тіркеуге қоюға міндетті.

Қырғызстанда жол-көлік оқиғаларының көбеюіне байланысты мопедтер мен скутерлерді тіркеу міндеттеледі
Фото: Kazinform/ЖИ

Қырғызстанның Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бас басқармасының (ЖҚҚҚББ) мәліметінше, мопед немесе скутер жүргізу үшін жүргізушіде А1 кіші санатындағы немесе өзге де ашық санаттағы жүргізуші куәлігі болуы қажет.

А1 кіші санатындағы жүргізуші куәлігін 16 жастан бастап алуға болады.

Бұл өзгерістер Қырғыз Республикасының 2026 жылғы 5 маусымдағы №81 заңында көзделген.

Бензин қозғалтқышы бар мопедтерге қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын көлік құралдары жатады.

Жаңа талаптардың енгізілуіне жол-көлік оқиғалары санының артуы себеп болған.

ЖҚҚҚББ дерегінше, 2026 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында тек Бішкек қаласының өзінде мотоциклдер, скутерлер, самокаттар және электр велосипедтерге қатысты 370-тен астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 19 адам қаза тауып, тағы 379 адам жарақат алған.

Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстанда мопедтер мен скутерлерді заңдастыру ұсынылғанын жазғанбыз.