Қырғызстандағы энергия тапшылығы: жанама жоспар бар ма
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан желтоқсанның басында 3,9 млрд киловатт-сағат энергия тапшылығына тап болды. Көрші ел қашан энергия импортынан бас тартып, қуат жетіспеушілігін жоя алады. Kazinform тілшісі осы тақырыпты зерделеп көрді.
Әр жерде жарық өшті
Қырғызстан Энергетика министрлігінің мәліметінше, елде электр энергиясын тұтынудың тарихи максимумы 11-12 желтоқсан күндері тіркелді. Тәуліктік тоқ шығыны 78,931 млн кВт-сағатқа жеткен. Желіге шамадан тыс күш түскендіктен, әр жерде жарық өше бастаған.
Энергетика министрі Таалайбек Ибраевтың айтуынша, елде электр энергиясын тұтыну күн санап өсіп келеді және былтырғыға қарағанда тәулігіне 2-2,5 млн кВт-сағатқа артты. Күндік тұтыну көлемі 3600 МВт/сағатқа жеткен. Ал Токтогул, Шамалды-Сай және Таш-Кумыр секілді су электр станциялары тәулігіне 3460 МВт/сағат тоқ өндіре алады.

«Электр станциялары» ААҚ гидрогенераторлары техникалық мүмкіндігінің шегінде жұмыс істеп тұр.
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров бұл жағдайдың туындау себебін атады.
– Елімізде 30 жылда бірде-бір су электр станциясы салынбаған. Сол себепті электр энергиясының тапшылығы туындап отыр. Әр жыл сайын қуаты 30 МВт болатын шағын ГЭС салып отырғанда, қысқы мезгілде мұндай жағдайға душар болмас едік. Соңғы жылдары елде жаппай ГЭС, жел және күн электр станциялары салынып жатыр. Бірақ мұның өзі бізді тығырықтан шығара алмайды. 2020 жылдан бері көптеген әлеуметтік, өндірістік және инфрақұрылымдық нысандар салынып, электр энергиясына сұраныс жылдан-жылға өсіп келеді. Бұнымен қатар ел тұрғындары жағдайға немқұрайды қарап, тоқты үнемсіз қолданады, - деді ол.
Мәселе қалай шешіледі
Қырғызстанның Энергетика министрі Таалайбек Ибраев билік қысқы маусымда электр энергиясы тапшылығын Қазақстаннан 1,5 млрд кВт/сағ, Түрікменстаннан 1,7 млрд кВт/сағ және Өзбекстаннан 800 млн кВт/сағ тоқ импорттау арқылы жабуды көздеп отырғанын айтты. Осының өзінде сұраныс толық қанағаттандырылмайды.
Ведомство басшысы қазір іске қосылып тұрған қосалқы станциялар шекті жүктемемен электр энергиясын өндіріп жатқанын айтады.
– Бұрын қосалқы станциялар максималды 70% жүктемемен жұмыс істеді, бұл қуат резервіне ие болуға мүмкіндік берді. Қазір жүктеме 90-95%-ға жетеді. Осыған орай ағымдағы жылы қуаттылығы 110 кВт болатын 5 жаңа қосалқы станция салынды, жақын арада Балықшы мен Баткенде қуаттылығы 500 кВт болатын жаңа қосалқы станциялар салу жоспарлануда, - деді ол Бішкекте өткен брифингіде.
Сарапшылар не дейді
Экономика ғылымдарының докторы, профессор Асылбек Аюпов Қырғызстан көршілес елдерден нарықтық бағамен электр қуатын импорттауға мәжбүр екенін атап өтті.
– Қырғызстанда соңғы жылдары энергияны көп қажет ететін көпқабатты үйлер салынып, халық саны артып келеді. Соның әсерінен электр энергиясын тұтыну күрт артты, бұл әр жерде кезекпен жарықтың сөндірілуіне әкеледі, - деді сарапшы.
Маман энергетикалық сектордағы дағдарысты шешудің ықтимал жолы су энергетикасында емес, жергілікті көмір кен орындары базасында жылу электр станциясын (ЖЭС) салу арқылы электр қуатын өндіруді арттыруда жатқанын айтады.
– Көмірді ашық әдіспен алатын Қара-Кечин кен орнының базасында мемлекет бақылауымен жылу электр орталығын салу қажет деп есептеймін. Жер астынан көмір қазумен айналысатын басқа кен орындарына қарағанда бұл жерде отынның өзіндік құны арзанырақ болады. Осылайша өңірді жылумен және электр энергиясымен қамти аламыз, - дейді профессор.

Оның айтуынша, ЖЭО-мен қатар елдің оңтүстігі мен солтүстігін байланыстыратын теміржол құрылысы жүргізілуі керек. Кейін ол «Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан» желісіне қосылады.
– Жылу электр стансасы мен темір жол құрылысы табиғаты көркем аймақтарда туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті халықты жұмыспен қамтуды арттыруға ықпал етеді, - дейді ол.
Асылбек Аюпов гидроэнергетика жайлы да пікірін білдірді.
– Жылдан жылға құрғақшылық кезінде су тапшылығы артып келеді. Жаһандық жылынуға, мұздықтардың тез еруіне және жауын-шашынның аз түсуіне байланысты әсіресе ыстық кезеңдерде өзен суы азайып қалады. Оларға шағын су электр станцияларын салғанда қажетті қуатты өндіре алатынымыз күмән тудырады. Жалғыз ірі өзен - Нарын таулардан бастау алады, ал таудағы мұздықтар климаттың өзгеруіне байланысты біртіндеп жұқарып келеді, - дейді ол.
Профессор жел және күн энергиясын пайдалана отырып, «жасыл» экономиканы дамытуға қатысты жобаларды да аса қолдай қоймайтынын аңғартты.
– Жаңартылатын энергия ірі кәсіпорындар мен қалаларды электр қуатымен қамтамасыз ете алмайды. «Жасыл» экономика идеясы экологиялық тұрғыдан қолайлы, бірақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды халқының төлем қабілеті жоғары дамыған елдер ғана енгізе алады. Қырғызстанда болса, халықтың 30 пайызы кедейлік шегінен төмен деңгейде өмір сүреді. Халықтың табысы аз, сондықтан олар жоғары тарифтерді көтере алмайды, - дейді Асылбек Аюпов.
Қырғыз Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жаңа экономика бойынша ғылыми-зерттеу кафедрасының меңгерушісі Улукман Мамытов энергетика саласындағы мәселелерді шешу үшін дамудың жүйелі реформасын жүргізу қажет деп санайды.
– Бар күш-жігерді қосалқы салаларға бұрмай, көбірек көңіл бөлуді қажет ететін, соның ішінде энергетика саласына бағыттау қажет. Бағдарламалар жақсы ойластырылған, кең ауқымды болуы тиіс. Энергетика саласының даму перспективаларын, соның ішінде су энергетикасын, дәстүрлі немесе баламалы энергия көздерін зерделейтін ғылыми-зерттеу жұмыстарынан бастап, осы салаға құйылатын ұзақмерзімді инвестицияларға дейін қамтылуы керек, - дейді ол.

Атап өтерлік жайт, Қырғызстан билігі қазіргі күні бірқатар шағын су электр станцияларын салу, жұмыс істеп тұрған станцияларды жаңғырту арқылы энергетика саласындағы мәселелерді шешуге тырысып жатыр. Мәселен, «Бала-Саруу», «Қайнама», «Ыстық-Атын», «Көк-Арт», «Исфайрам», «Құрақ-Тектір», «Кыштут» сияқты шағын су электр станциялары іске қосылуда. Тоқтағұл су электр станциясы қазіргі уақытта толық реконструкциялаудан өтуде, жұмыс аяқталған соң жалпы қуаты 240 МВт-ға артады. Биыл Үш-Қоргон су электр станциясын жаңғырту басталды, оның қуаты 36 МВт-ға өседі. Қамбар-Ата ГЭС-2 екінші гидроагрегатын іске қосу жұмыстары жүргізілуде, оған қосымша 120 МВт қуат қосылады.
Осының бәріне қарамастан әзірге Қырғызстан энергия коллапсын болдырмау үшін электр энергиясын сатып алуға мәжбүр. Жоғарыда атап өткендей, 2025 жылы 3,9 млрд кВт/сағ электр қуаты импортталатын болады.
Айта кетейік, қараша айында Қырғызстан көмір экспортына тыйым салған болатын.