Қырғызстандағы оқиғадан кейін екі ауыл арасындағы жол жабылды
АСТАНА. KAZINFORM — Ысык-Ата ауданында орналасқан «ТаҚыр-Тор» көлінің тасуына байланысты Алмалуу мен Таулы Серафимовка ауылдары арасындағы автожол уақытша жабылды, деп жазады Кабар.

Бұл туралы Қырғыз Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.
Оқиға орнында арнайы бақылау бекеттері ұйымдастырылғаны атап өтілді. Су тасқыны тоқтап, қауіп сейілгеннен кейін тазалау жұмыстары басталады.
— Оқиға орнында Чүй облысы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігі басқармасының жедел тобы (5 қызметкер) кезекшілік етіп жатыр. Жалпы 7 техника жұмылдырылған: ТЖМ-нен 1 экскаватор мен 1 тиегіш, № 43 жол пайдалану мекемесінен 1 тиегіш пен 1 манипулятор, су шаруашылығы басқармасынан 1 экскаватор, жергілікті биліктен 2 экскаватор, — деп нақтылады ведомство.
Бұған дейін хабарлағандай, Қырғызстанның Чүй облысы Ысык-Ата ауданында Тақыр-Тор тау көлінің бөгеті жарылып, 180 адам эвакуацияланғанын жазған едік.
27 маусымдағы мәліметтерге сәйкес ауданнан 950 адам қауіпсіз жерге көшірілген.