Қырғызстандағы орташа жалақы мөлшері анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың қаңтар–шілде айларында есептелген орташа айлық номиналды жалақы 42 522 сомды құрады, деп хабарлайды Кабар.

Бұл туралы бүгін өткен брифингте Ұлттық статистика комитеті төрағасының орынбасары Бақытбек Шөкенов мәлімдеді.
Оның айтуынша, 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жалақы 20,4%-ға артқан.
— Ең жоғары өсім жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар, құрылыс, денсаулық сақтау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету, қонақүй және мейрамхана қызметі, мемлекеттік басқару, қорғаныс, әлеуметтік сақтандыру, сондай-ақ қаржы делдалдығы мен сақтандыру салаларында байқалды, — деді Ұлттық статистика комитеті төрағасының орынбасары.
Бұдан бұрын Қырғызстан Министрлер кабинеті «Мемлекеттік зейнетақы әлеуметтік сақтандыруы туралы» заңға сәйкес тағайындалған зейнетақыларды 2025 жылғы 1 қазаннан бастап индекстеу туралы қаулы қабылдағаны туралы жазғанбыз.