Қырғызстандағы парламент сайлауына қанша адам қатысты
АСТАНА. KAZINFORM — 30 қарашада Қырғызстанда Жоғарғы Кеңес (Парламент) депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Қырғызстан Республикасының Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясының мәліметі бойынша, сайлаушылардың 36,9%-ы қатысқан. Сайлаушылар тізіміне енгізілген 4 294 243 азаматтың 1 584 446-сы дауыс берді.

— 2021 жылмен салыстырғанда сайлаушылардың жалпы саны 351 873-ке ұлғайды, бұл 28,6%-ға өскенін білдіреді (2021 жылы 1 232 573 адам дауыс берді), ал шетелдегі сайлаушылар саны 16 178-ге өсті, бұл 60,7%-ға көбейгенін білдіреді (2021 жылы 9 825 адам дауыс берді), — деп хабарлады сайлау комиссиясы.
Шетелде тұратын және шетелде жүрген қырғызстандықтар 34 елдің 89 қаласындағы 100 сайлау учаскесінде дауыс берді. Елдің Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, шетелде дауыс беруге қатысқан Қырғызстан азаматтарының жалпы саны 26 066 адамды құрады (2021 жылы 9 826 болған).

Айта кетейік, азаматтар ел бойынша 30 көпмандатты аумақтық сайлау округінде дауыс берді, олардың әрқайсысы Қырғызстан Парламентіне үш депутат сайлады. Дауыс беру нәтижесінде парламентке барлығы 90 адам сайланады.
Қырғызстан Республикасы ІІМ баспасөз қызметінің басшысы Сұлтан Макиловтың айтуынша, кеше министрлікке сайлау заңнамасын бұзу туралы 79 хабарлама келіп түсті. Әрбір оқиға бойынша алдын ала тергеу жүргізіліп, кейін құқықтық баға беріледі.
Науқан кезеңінде Қырғызстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы сайлау заңнамасын бұзу туралы 269 хабарлама берді, оның ішінде 124 сайлау науқаны ережелерін бұзу, 37 кандидаттардың беделіне нұқсан келтіретін ақпарат тарату, 8 әкімшілік ресурстарды теріс пайдалану, 46 дауыс сатып алу мүмкіндігі және 54 басқа да бұзушылықтар бойынша тіркелді.

Сондай-ақ, «дауыс сатып алу» бабы бойынша тоғыз қылмыстық іс қозғалып, 12 азаматқа айып тағылғаны хабарланды.
Бұдан бөлек сайлаудағы дауыс беру процесі толығымен автоматтандырылғаны белгілі болды.
Қырғызстан президенті дауыс беру процесі аяқталғаннан кейін БАҚ-қа мәлімдеме жасады.
Жоғарғы Кенеш депутаттарының кезектен тыс сайлауына 467 кандидат тіркелді, олардың жетеуі кейінірек өз кандидатураларын алып тастады. Дауыс беру процесін 788 халықаралық бақылаушы бақылады.
Сайлаудың ресми нәтижесі 14 желтоқсанға дейін жарияланады.