Қырғызстанға парламенттің өзін-өзі таратуы не үшін қажет
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстанның Жогорку Кенешінің спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулу парламент отырысында өзін-өзі тарату процедурасы басталғаны туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Сайлау процестерінің бірін мерзімінен бұрын өткізген жөн
Парламент депутаты атап өткендей, ол парламенттің өзін-өзі таратуын және депутаттардың кезектен тыс сайлауын өткізуді қолдайды. Оның айтуынша, қоғамда бұл мәселеге қатысты түрлі пікір бар.
- Конституция бойынша парламентті ешқандай сыртқы күштер, президент немесе министрлер кабинеті тарата алмайды. Өзін-өзі тарату мәселесін тек парламент өзі шешеді. Депутаттардың бастамашыл тобы өзін-өзі тарату себептеріне негіз келтірді. Мен негіздермен танысып, тиісті тапсырмалар бердім, осы бағыттағы жұмыс басталды. Келесі парламент сайлауы 2026 жылдың қарашасында, ал президент сайлауы 2027 жылдың қаңтарында өтуі тиіс еді. Президент пен парламент сайлауы қатар өтеді екен. Екі ірі оқиға көптеген қиындық пен проблема тудырады, оның ішінде саяси және экономикалық жағынан да, - деді ол.
Нұрланбек Тұрғынбекұлы сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясына парламент пен президент сайлауын қатарынан ұйымдастыру техникалық жағынан қиын болады деп санайды.
- Сондықтан олардың бірін ертерек өткізу орынды болар еді. Бұл дұрыс болады, – деді.
Спикер өзін-өзі тарату процедурасы соңына дейін жеткізілетінін, оның шешімі депутаттардың көпшілігінің пікіріне байланысты болатынын қосып өтті.
Президенттік сайлауды жариялайтын ешкім болмайды
«Кабар» АА хабарлауынша, өзін-өзі таратуды қолдайтын топтың құрамына кіретін депутат Ұлан Пірімов, ең алдымен, депутаттардың бастамасы Қырғызстанда саяси тұрақтылық пен тиянақтылыққа кепілдік беруге бағытталғанын мәлімдеді.
- Екі негізгі фактор бар. Жогорку Кенеш пен Президент сайлауы туралы заң қабылданды. Ол жаңа жүйе мен процедураны нақты анықтайды. Біз мемлекет басшысын сайлауды 2027 жылдың қаңтар айының басына, ал парламенттік сайлауды 2026 жылдың қарашасына белгіледік. Мұндай маңызды оқиғалар арасындағы екі айдан аз уақыт айырмашылық белгісіздік пен кейбір қиындықтар тудыруы мүмкін. Депутаттыққа кандидаттар арасындағы дау-дамайға байланысты парламентті құру кешіктірілсе, президенттік сайлауды жариялайтын ешкім болмайды, - деді ол.
Бюджетке түсетін жүктемені азайту
Депутаттың айтуынша, саяси жүйе мен тұрақтылықты нығайту үшін бастамашыл топ парламентке өз еркімен қызметтен кетуді ұсынып отыр.
Жоғарғы Кеңеш вице-спикері Нұрбек Сыдығалиев депутаттар тобының өкілеттік мерзімінің аяқталуына бір жыл қалғанда парламентті өзін-өзі тарату туралы бастама көтеруіне заңдық тетіктерді сақтау жалғыз себеп емес екенін атап өтті. Екі сайлау науқаны елеулі шығындарды талап етеді, сондықтан бюджетке қаржылық жүктемені бөлудің теңгерімді тәсілін де ойластыру қажет.
- Ең дұрысы, парламент пен президент сайлауы арасында кемінде алты айдан бір жылға дейін үзіліс болуы керек. Бірақ бұл жерде екі науқан бірінен соң бірі жүргелі тұр. Депутаттарды сайлау округтер бойынша өтетініне назар аударғым келеді. Егер қандай да бір себептермен дауыс беру қорытындылары жарамсыз деп танылса, онда басқа сайлау белгіленеді. Ал бұл парламентті жасақтау мерзімінің өзгеретінін білдіреді. Сондықтан алдымен кезектен тыс парламент сайлауы, содан кейін ғана президент сайлауы өтуі керек. Яғни, біз оларды уақыт бойынша ажыратамыз. Екінші мақсат – бюджетке түсетін жүктемені азайту, егер осы оқиғалардың арасында бір жыл өтсе, қаржы жағынан бәрі ұтымды болады, - деп түйіндеді сөзін Нұрбек Сыдығалиев.
Бұған дейін Қырғызстанда депутаттар сайлауы жаңа жүйе бойынша өтетінін жазған болатынбыз.