Қыркүйек айындағы инфляция: өңірлерде баға қалай өзгерді

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк қыркүйекте елде жылдық инфляция 12,9% болғанын мәлімдеді. Өңірлердегі азық-түлік, қызмет көрсету мен тауарлардың баға динамикасы қалай құбылды?

Инфляция
Фото: Табиғи монополияларды реттеу комитеті

Ұлттық банктің дерегінше, жылдық инфляция 18 өңірде жеделдеді, біреуінде баяулап, 1 өңірде бұрынғы деңгейде қалды.

— Қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы жылдық мәнде 12,7%-ды құрады (тамызда — 11,7%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Ұлытау облысында (15,8%) жоғары өсім көрсетсе, Алматы қаласында (9,2%) ең төмен өсім тіркелді, — делінген хабарламада.

Қыркүйектің қорытындысы бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы жылдық мәнде 10,8%-ға өсті (тамызда — 9,7%). Ең жоғары мән Ақтөбе облысында (13,2%), ең төменгі мән Алматы қаласында (8,6%) тіркелді.

Қыркүйекте ақылы көрсетілетін қызмет бағасының өсу қарқыны жылдық мәнде өзгеріссіз қалды — 15,3% (тамызда — 15,3%). Ал, Қызылорда облысында (9,6%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама төмен өсті.

Қыркүйекте ел көлемінде айлық инфляция 1,1%-ға өсті.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық банк инфляцияның жеделдеуі халықтың нақты табысын құнсыздандырып отырғанын айтқан болатын. 

Соңғы жаңалықтар