Қыс қашан қаһарына мінеді: Қазгидромет болжамы

қар
Фото: pexels.com

Желтоқсан айында ауаның орташа айлық температурасы Каспийдiң шығыс жағалауында 1°С-қа дейiн жоғары болады. Мұндай деректі Қазгидромет ұсынды, деп хабарлайды Kazinform.

«Желтоқан айында ең ұзақ түн және ең қысқа күн орнығады. Ауа температурасының төмендеуi жалғасады. Ауаның орташа айлық температурасы Каспийдiң шығыс жағалауында 1°С-қа дейiн жоғары, ал республиканың қалған аймақтарында ол оңтүстiк-батыстан және оңтүстiктен 0-5°С-тан солтүстiкке және шығысқа қарай -13-18°С-қа дейiн төмендейдi. Ауаның ең төменгi орташа айлық температурасы Шығыс Қазақстан облысының солтүстiк-шығысында минус -20-24°С-қа дейiн болады», – деп атап өтеді Қазгидрометтен.

Мекеме мәліметінше, өте суық жылдары ауаның орташа айлық температурасы мөлшерден 6-14°С-қа ауытқиды және республиканың солтүстiгi мен шығысында -25-27°С-қа, облыстың оңтүстiгiнде -7-12°С-қа дейiн жетедi.

Ауа температурасының абсолютті минимумы елдің батысында -37-39°С, солтүстігінде -44-48°С, шығысында -50-51°С, оңтүстігінде және оңтүстікшығысында -41-47°С, қиыр оңтүстігінде -25-37°С құрайды.

Төтенше жылы жылдары ауаның орташа айлық температурасы нормадан 4-10° есе асып, солтүстік облыстарда -8-10°С, қиыр оңтүстікте - 3-6°С-қа дейін жетті.

Абсолютті максимум Қазақстанның солтүстік бөлігінде +8+10°С-қа, шығыста, батыста және орталықта +11+14°С-қа, оңтүстікте, оңтүстік-шығыста және оңтүстік-батыста +19+25°С-қа, республиканың қиыр оңтүстігінде +24+25°С-қа дейін барды.

Желтоқсан айында ауаның орташа тәуліктік температурасының ауытқуы қарашаға қарағанда аз және орта есеппен 8-9°С, оңтүстігінде 6- 11°С құрайды. Ауаның орташа тәулiктiк температурасының 0°С арқылы терiс шамаға өтуi республиканың оңтүстiгiнде – бiрiншi онкүндiкте, ал қиыр оңтүстiкте үшiншi онкүндiкте байқалады.

Қазақстанның солтүстiк жартысында қарашадан желтоқсанға өткенде жауын-шашынның мөлшерi азаяды, ал оңтүстiгiнде керiсiнше, көбейедi және оңтүстiк, оңтүстiк-шығыс пен шығыстың тау iргелес аудандарында – 25- 50 мм, шығыс және оңтүстiктiң тауларында – 51-200 мм, облыстың басым бөлігінде – 10-24 мм, батысында – 32 мм-ге дейін. Солтүстiк облыстарда жауын-шашын негiзiнен қар түрiнде болады, жаңбырдың болуы сирек құбылыс (10 жылда 2-3 рет). Оңтүстiк облыстарда жиi болуы мүмкiн – айына 1-4 рет, жаңбыр және қар айына 1-3 рет.

Қар жамылғысының орташа биіктігі солтүстік облыстарда, оңтүстікшығыстың тау бөктерінде және оңтүстіктің тауларында желтоқсанның аяғында 10-20 см жетеді. Ең жоғары қар жамылғысы шығыстың таулы аудандарында 25-66 см-ге дейін байқалады, ал Маңғыстау облысының оңтүстігінде қар жамылғысы болмайды.

Солтүстік облыстарда боран мен жел орта есеппен айына 4-тен 9 тәулікке дейін, ал жекелеген аудандарда (Жарма, Жаңғызтөбе) 10-нан 14 тәулікке дейін белгіленеді. Кейбiр жылдары боранды күндер саны 20-25-ке дейiн жетедi. Оңтүстiк облыстарда боранды күндер сирек – 10 жылда 1-3 рет болады.

Тұманды күндер Қазақстан аумағында орта есеппен 3-8 күндей, таулы аудандарда жиiлеу – 14, кейбiр жылдары 24 күндей (Алматыда) болады. Көктайғақ солтүстiк облыстарда сирек, ал оңтүстiк облыстарда орта есеппен айына 1-2 күндей байқалады. Найзағай желтоқсанда сирек болатын құбылыс. Түркістан, Алматы облыстарында 10 жылда 1-2 күн ғана болуы мүмкiн.

Соңғы жаңалықтар