Кісі өлтірген 19 жасар азамат 13 жылға бас бостандығынан айрылды - БҚО

Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Орал қаласынан келген үш жас жігіт Зеленов ауданы Мичурин ауылындағы жастармен қосылып, ішімдік ішеді. Олар отырған жердегі дүкенге келген екі адаммен осы топтағы жігіттер арасында бұрын кикілжің болған екен. Араздас топ арасында өзара қақтығыс басталады. Осы жерде айыпталушы Ч. ешкімге өз ойын білдірместен, автокөлік орындығы астынан 16 калибрлі «БМ» үлгісіндегі шолақ қосауыз мылтықты алып келіп, жәбірленушіні көздеп тұрып кеуде тұсынан атып жібереді. Жәбірленуші жедел түрде облыстық клиникалық ауруханасына жеткізіліп, қажетті медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан, есін жимай көз жұмады.
Облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты азамат Ч.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 251-бабы 1-бөлімі, 252-бабы 1-бөлімі, 96-бабы 2-бөлімі «и» тармақшасымен кінәлі деп танып, 13 жылға бас бостандығынан айыруға жаза тағайындады.