Қысқы Азия ойындарында алтыннан үміт бар ма – министр болжамы
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Қытайда өтетін қысқы Азия ойындарынан ел қоржынына түсетін медальдарға болжам жасады.

- Алдыңғы Азия ойындарында жалпы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Бұл жолы Азия ойындарында конькимен жүгіру, шорт-трек, шаңғы спорты және биатлон секілді спорт түрлерінен алтын медальға үміт артып отырмыз, - деді Ербол Мырзабосынов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Осылайша министр отандық спортшылардың жүйелі дайындалғанын айтып, оң нәтиже күтіп отыр.
- Жоғарыда аталған төрт спорт түрінен біздің команда кубок кезеңінде жоғары нәтиже көрсетті, қысқы ойындарда да сол нәтижені жоспарлап отыр. Бұл жай ғана болжам емес — Азия елдері арасындағы ағымдық нәтижелер бойынша біздің спортшылар көшбасшы, - деп толықтырды ведомство басшысы.
Айта кетейік, қысқы Азия ойындарында Қазақстан спортшылары 51 медаль жиынтығы үшін күреседі. Айтулы спорт бәсекесінде еліміздің намысын 138 спортшы қорғайды.