Қысқы аңшылық: Павлодар облысында қандай аңдарға қару кезенуге болады
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінде қысқы аңшылық келер жылдың 15 ақпанына дейін жалғасады. Аталған кезеңде қоян, түлкі, қарсақ аулауға рұқсат берілген. Ал қабан мен Сібір елігін аулау 31 желтоқсанға дейін ғана мүмкін болады.
Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметінше, биыл қысқы кезеңде аң аулауға белгіленген лимиттер бірнеше жануар түрін қамтиды. Атап айтқанда, 4 752 қоян, 382 түлкі, 102 қарсақ, 42 қабан және 245 елік аулауға рұқсат етілген.
Аңшылыққа шығар алдында қандай құжат қажет?
Аң аулауға ниетті азаматтар өзімен бірге аңшы куәлігін, жануарлар дүниесін пайдалануға рұқсат құжатын немесе аңшылық шаруашылығы субъектісінен берілген жолдаманы алып жүруге міндетті.
Атыс қаруын пайдаланып, аң аулау үшін азамат 21 жасқа толуы керек. Ал аң аулаудың рұқсат етілген өзге құралдарын, аңшылық иттерді немесе аушы жыртқыш құстарды қолдануға 14 жастан бастап рұқсат етіледі.
— Қару мен патрондар азаматтық қару айналымы саласындағы заңнама талаптарына сай болуы тиіс. Тасымалдау кезінде қару оқсыз күйде және арнайы қапта, кейсте немесе қаптамада болуы қажет. Аңшылық қағидаларында бір рет аң аулауға шыққанда алып жүруге болатын патрондардың бірыңғай саны белгіленбеген, — деп түсіндірді аумақтық инспекция басшысы Исатай Абразахов.
Сонымен қатар өзен құндызын, кәмшатты, қаракүзен мен ондатраны аулау кезінде атыс қаруын қолдануға, пневматикалық және лақтырғыш қаруды пайдалануға тыйым салынған. Сауыт тесетін, тұтандырғыш немесе жарылғыш әсері бар, сондай-ақ ауырлық орталығы ығыстырылған оқтары бар патрондарды қолдануға да болмайды.
Қай аумақтарда аң аулауға тыйым салынған?
Әуесқойлық аң аулау аңшылық алқаптарға бекітілген учаскелерде, жолдамада көрсетілген аумақ шегінде және жануарлардың тиісті түріне белгіленген мерзімдерде жүргізіледі. Сондықтан аңшылар аңшылыққа шығар алдында учаскенің шекарасын шаруашылық субъектісінен нақтылап алуы керек.
Инспекция дерегінше, Павлодар облысында Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің, «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының, «Қызылтау» және «Ертіс өзенінің жайылмасы» мемлекеттік табиғи қаумалдарының аумағында, сондай-ақ аңшылық алқаптардың резервтік қоры жерлерінде әуесқойлық аң аулауға тыйым салынған.
— Аңшылық қағидаларын бұзғандарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 382-бабы және ҚР Қылмыстық кодекстің 337-бабы бойынша жауаптылық көзделген, — деп ескертеді Исатай Абразахов.
Яғни жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзғаны үшін ескерту немесе жеке тұлғаларға 10 АЕК, шағын кәсіпкерлікке 25 АЕК, орта кәсіпкерлікке 50 АЕК, ірі кәсіпкерлікке 100 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Егер аң аулаушы заңсыз аңшылық арқылы табиғат пен жан-жануарға орасан зор шығын келтірсе, оның жазасы да қатаң болады. Оның ішінде жарылғыш құрылғыларды немесе жануарларды жаппай қырып-жоятын өзге де құралдарды, әуе көлігін, авто-мотокөлік құралдарын, қарда жүретін техниканы не шағын көлемді кемелерді қолданып заңсыз аң ауласа, 6 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруы жазасы көзделген. Келтірілген залалдың көлемін сот айқындайтынын ескеру қажет. Мұндай жағдайда сотталушының мүлкі тәркіленіп, белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл да салынуы ықтимал. Бұдан бөлек қоғамдық жұмыстарға тарту, бас бостандығын шектеу жазалары да қарастырылған.
Сондықтан атуға тыйым салынған аң-құсқа қару кеземес бұрын, зіл батпан жауапкершілік барын есіңізде сақтаңыз.
2027 жылдан бастап аң аулау тәртібінде өзгерістер болады
Келер жылы аң аулау объектілері болып табылатын жануарлардың лимиттелетін және лимиттелмейтін түрлерінің жаңа тізбесі қолданысқа енгізіледі. Оған лимиттелетін 17 және лимиттелмейтін 27 жануар түрі кірген.
— Лимиттелетін түрлер қатарында қасқыр, қоңыр аю, құну, борсық, сілеусін, қабан, киік, бұлан және басқа жануарлар бар. Ал лимиттелмейтін түрлер тізіміне жанаттәрізді ит, түлкі, ақкіс, тиін, ор қоян, шіл, құр, қырғауыл және өзге де түрлер енгізілген, — деп қосты инспекция басшысы.
Қазіргі уақытта Павлодар облысы аумағында 36 аңшылық шаруашылығы бар. Оның 33-і аңшылық шаруашылығының 8 субъектісіне бекітілген. Инспекция мәліметінше, олардың жұмысына қатысты шағымдар түспеген.
Еске сала кетейік, Зайсанда заңсыз аңшылыққа қатысы бар деген күдікпен 10 адам ұсталды.