Қысқы Азиада: Харбиндегі атлеттер қалашығы жайлы не білеміз
ХАРБИН. KAZINFORM – Қытайдың Харбин қаласында өтетін IX қысқы Азия ойындарының ресми ашылуына небәрі 1 күн қалды. harbin2025.com ресми сайтының хабарлауынша, 24 елден келген 900-ден аса спортшы Harbin Victories қонақүйіне (атлеттер қалашығы) орналасты.

Harbin Victories Hotel – Харбиндегі ең танымал төрт жұлдызды қонақүйлерінің бірі. Ғимараттың жалпы ауданы 60 000 шаршы метрді құрайды. 39 қабаттан тұратын нысанда 618 қонақ бөлмесі, конференция залы, қоғамдық тамақтану орны, сауда орталығы және дене шынықтыру залдары бар.

Қонақүй директордың атқарушы орынбасары Манинның айтуынша, қонақүй мейрамханасы бір уақытта 400 адамды қабылдай алады және спортшыларға тәулігіне 20 сағат таңғы, түскі, кешкі және түнгі ас береді.

– Спортшылардың талғамына сай келу үшін алдыңғы іс-шараларды ұйымдастыру тәжірибесімен және аймақтық тағамдардың ерекшелігін ескере отырып, мәзір неғұрлым бай және әртүрлі жасалды. Мысалы, мейрамхана ыстық тамақ аймағы, салқын тамақ аймағы және сусын аймағына бөлініп, Қытай, Оңтүстік-Шығыс Азия, Шығыс Азия және Еуропалық ас мәзірі дайындалды. Сонымен қатар түрлі елдер мен аймақтардан келген және әртүрлі мәдени-діни нанымдағы спортшылардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеке халал тағам аймағы ашылды, - деді Манин.

Оның айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігінің қамтамасыз ету үшін Атлеттер қалашығы азық-түлікті пайдалану және сақтау, тасымалдау, асүй тазалығы және тамақтану процесін жіті қадағалайды.


Спортшылардың жарыстан кейінгі тынығуын қамтамасыз ету мақсатында, бөлмелерді барынша кең және жарық етіп қойған. Әр бөлме жайлы төсек орын, үстел және басқа да жиһаздармен, сондай-ақ ылғалдандырғыш, жеке дәретхана, душ, қолжуғыш сияқты құралдармен жабдықталған.

Манинның айтуынша, атлеттер қалашығы халқаралық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда спортшыларға медициналық көмек көрсету үшін арнайы медпункт жасақталған. Бұл жерде ішкі аурулар, хирургия, УДЗ және дәріхана сияқты 8 бөлім бар екенін көруге болады. Медпункт медициналық жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, 56 медицина қызыметкері спортшылардың денсаулығын сәт сайын қадағалап отырады.


Атлеттер қалашығында сондай-ақ бұқаралық ақпарат орталығы, делегация басшыларына арналған мәжіліс залы, ОСА кеңсесі, допинг-бақылау пункты, медитация бөлмесі және басқа да функционалдық аймақтар бар.


Айта кетейік, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.