Қысқы Азия ойындары: Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Қытайды ірі есеппен жеңді
ХАРБИН.KAZINFORM – Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан IX қысқы Азия ойындарында екінші жеңісіне қол жеткізді.

Топтық кезеңнің екінші матчында, А тобында сынға түсіп жатқан қазақстандықтар жарыс қожайыны Қытаймен кездесті.
Қазақстан құрамасы 42 секундта есеп ашты. Дмитрий Бреус (қорғаушы) командаласы Кирилл Савицкийдің пасын голға айналдырды. Осыдан кейін, Дмитрий Гренц және Роман Старченко қарсылас қақпасына гол соғып, есепті 3:0-ге жеткізді.
Екінші кезеңде, Қазақстан құрамасы Евгений Рымаревтың 1 голымен шектелді. Соңғы кезеңде, отандастарымыз шабуылды күшейте түсті. Вячеслав Колесниковтың алыстан бағыттаған соққысы гол болды.
Ойынның 54-минутында, Темирлан Гайтамиров пен Александр Борисевич ереже бұзғаны үшін 2 минутқа алаңнан шеттетілді. Осы мүмкіндікті пайдаланған Қытай құрамасының шабуылшысы Чжан Пэнфэй Қазақстан құрамасының қақпасына гол соғып кетті. Қортынды есеп 6:1.
Айта кетерлігі, бұл Қазақстан құрамасының топтық кезеңдегі екінші жеңісі. Осыған дейін, отандастарымыз Тайландты 12:0 есебімен тізе бүктірген еді.