Қысқы Олимпиада ойындарының үшінші күні несімен есте қалды

МИЛАН. KAZINFORM — Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтіп жатқан XXV қысқы Олимпиада ойындарының үшінші жарыс күнін өз мәресіне жетті.

Қысқы Олимпиада - 2026
Фото: Сали Сабыров

Бұл күні слоупстайл (әйелдер), командалық тау шаңғы жарысы (ерлер), конькимен жүгіру (әйелдер 1000 метр) және Биг-эйр (әйелдер) сияқты спорт түрлерінің медальдері сарапқа салынып, жүлде жеңіп алған елдер саны 18-ге жетті.

Күннің басты уақиғалары ретінде слоупстайл және конькимен жүгіру жарысы болды.
Әйелдер арасында өткен слоупстайл сынында басты фаворит саналған қытайлық Эйлин Фэн Гу өте аз ұпай айырмашылығымен Швейцария құрамасының спортшысы Матильда Гремоға жол берді.
Ал әйелдер арасындағы 1000 метрге конькимен жүгіру жарысы Нидерланд спортшыларының жеке сахнасына айналды.

Қысқы Олимпиада ойындарының үшінші күні несімен есте қалды
Фото: Сали Сабыров

Бірінші болып жарыс жолына шыққан Сюзанне Схюлтинг мәреге жетуге 1 минут 15.46 секунд уақыт жұмсап, көш бастап тұрды. Алайда АҚШ және Канада, Жапония мен Корея спортшылары арасындағы бәсекелестік жарысты қыздыра түсті.

Соңғы жұпта өнер көрсеткен нидерландылықтар қос Олимпиада рекордын тіркеді. Ең әуелі Фемке Кок 1 минут 12.59 секунд нәтижемен мәре сызығын кесті. Алайда келесі кезекте жарыс жолына шыққан оның отандасы Ютта Лердам 1 минут 12.31 секунд көрсетіп оның рекортын жаңалап кетті. Жапониялық спортшы Михо Такаги қола медаль еншіледі.

Норвегия құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 2 қола медальмен әлі көш бастап тұр. Ал тау шаңғысы және слоупстайл жарысынан 2 алтын жеңіп алған Швейцария құрамасы жалпы есепте екінші орынға көтерілді.

Сноуборд спортынан биг-эйр жарысында Кокомо Мурасэ Жапония құрамасына екінші алтын медаль сыйлады. Осының арқасында Жапон құрамасы үздік үштіктен көрінді.

Қысқы Олимпиада ойындарының үшінші күні несімен есте қалды
Фото: Сали Сабыров

Осыған дейін хабарлағанымыздай, әйелдер арасында 1 000 метрге жүгіру сынында ел намысын Надежда Морозова, Елизавета Голубева және Кристина Силаева қорғады.

Соңғы жаңалықтар