Қысқы Олимпиадаға қай елдер алғаш рет қатысады
АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында басталатын XXV қысқы Олимпиада ойындарына үш мемлекет алғаш рет қатысады.
2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында өтетін дүбірлі додада әлемнің 90-нан астам елінен шамамен 2 900-3 500 спортшы қатысады деп күтіледі. Байрақты бәсекеде 16 спорт түрі бойынша 116 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Беделді бәсекеге Біріккен Араб Әмірлігі, Бенин және Гвинея-Бисау өз үздіктерін үкілеп қосады.
БАӘ-нен тау шаңғысы спортынан ерлер және әйелдер арасында екі спортшы жарыс жолына шықса, Бенин мен Гвинея-Бисау да аталған спорт түрінен қатысады.
Ал ақ Олимпиадада ең көп спортшы қосатын елдер бар. Атап айтқанда, АҚШ - 233, Канада - 210, Италия - 196, Германия - 189, Швейцария - 175 үздігіне сенім артады.
Дүбірлі додада еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 10 түрінен 58 медаль жиынтығы бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғы спорты, шаңғы қоссайысы, шаңғы жарыстары, шаңғымен трамплиннен секіру, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.
Байрақты бәсекеге Қазақстан құрамасынан 36 спортшы қатысады.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасының орташа жасы – 25 жас. Ең жас спортшы – фристайл-акробатикадан сынға түсетін 16 жастағы Асан Асылхан. Ал ең тәжірибелі спортшы – шорт-трекші 33 жастағы Абзал Әжғалиев. Құрамадағы ең атақты спортшы – фристайл-могулдан бақ сынайтын Юлия Галышева.
Қазақстандық көрермендер бүгін XXV қысқы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімін Астана уақыты бойынша сағат 23:50-ден бастап Jibek Joly телеарнасының тікелей эфирінен тамашалай алады.