Қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын кім ұстайды
АСТАНА. KAZINFORM — Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 6-22 ақпан аралығында Италияның Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін XXV қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанатында еліміздің көк байрағын ұстап шығатын спортшыларға қатысты пікір білдірді.
— Өз еліңнің туын ұстап шығу маңызды. Бүгінде лицензиялық жарыстар аяқталған жоқ. Қаңтар айының соңында лицензиялар толық аяқталғаннан кейін бәріміз қайта жиналып, қоғаммен қай спортшы ту ұстап шығатынын анықтаймыз, — деді министр Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Осы ретте министр қысқы Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстан туын Денис Никиша мен Яна Хан ұстап шығады деген ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.
— Шындыққа жанаспайды. Біз лицензияларды толық алып болмайынша ондай болжам жасамаймыз, әрі ту ұстайтын спортшыларды қоғаммен ақылдаса отырып, Президент Әкімшілігіне ұсынамыз. Мұнан бөлек, Олимпиада бағдарламасында ашылу салтанатынан кейін ертеңінде спортшылар мәреге шығатын спорт түрлері бар. Оған да қараймыз. Егер спортшыларымыз ертеңінде жарыс алаңына шықса, онда ту ұстауға жібермейміз. Сондықтан лицензияға, Олимпиада бағдарламасына қарап, қоғаммен келісіп ұсынамыз, — деді Ербол Мырзабосынов.
Бұған дейін 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына сапалы дайындық үшін 13,3 млрд теңге бөлінгенін жазған едік.