Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін, 13 қаңтарда Италияның Турин қаласында 2025 жылғы Қысқы универсиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Қысқы Универсиада
Фото: icehockey.kz

Салтанатты ашылу рәсімінде ел құрамасынан ту ұстап шығатын құрметіне хоккейші Абылайхан Сүлейменов пен фристайл шебері Аяулым Әмренова ие болды.

Италиядағы Қысқы Универсиада
Фото: Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы

Абылайхан шайбалы хоккейден «Номад» командасының ойыншысы.

шайбалы хоккей
Фото: Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы

Ол бұдан бұрын АҚШ-та өткен ХХХІ Дүниежүзілік қысқы универсиадада еліміздің хоккей құрамасы сапында үшінші орынды иеленді.

Ал Аяулым Әмренова — фристайл бойынша 2017 жылғы Еуропа кубогы кезеңдерінің алтын, күміс және қола медалін алған.

Аяулым Әмренова
Фото: Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы

Қысқы Универсиадаға Қазақстан құрамасы ерекше дайындық жасап келді. Олар үстіндегі көк түсті спорттық формаларымен алаң төрінен жүріп өтті. 

Жас спортшылар 11 спорт түрі бойынша бақ сынайды. Қазақстан құрамасынан 103 спортшы қатысады. Олар биатлон, шорт-трек, шаңғы жарысы, мәнерлеп сырғанау, қысқы спорттық бағдарлау, фристайл, тау шаңғысы, ерлер және әйелдер хоккейі, сондай-ақ парашаңғы жарыстары бойынша сынға түседі.

Қысқы Универсиада
Фото: Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы

Дүбірлі додаға әлемнің 57 елінен 2000-нан астам спортшы қатысады. Жарыс бағдарламасында 11 спорт түрі бойынша 96 медаль жиынтығы сарапқа салынады. 

Қазірге дейін Қысқы Универсиадада қазақстандық спортшылар 98 медаль еншілеген. Оның ішінде 32-ы алтын, 29-ы күміс, 37-і қола.

Айта кетсек, Қазақстан құрамасы өз тарихында ең жақсы нәтижені 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада көрсетті. Онда жалпы медальдар есебі бойынша 36 медаль (11 алтын, 8 күміс және 17 қола) жеңіп алып, екінші орынға ие болған еді.

Сондай-ақ телеарна 13-23 қаңтар аралығында өтетін студенттік спорттық жарыстарды көрсету құқығына ие болды.

Соңғы жаңалықтар