Қысқы жасөспірімдер олимпиадасынан қазақстандықтар осы уақытқа дейін қанша медаль алған
Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында IV қысқы жасөспірімдер олимпиадасы өтеді. Қазірге дейін қазақстандық спортшылар аталған додада үш мәрте бақ сынап, барлығы бес медаль олжалап қайтқан еді, деп хабарлайды Kazinform.
Жасөспірімдер арасындағы Қысқы олимпиада алғаш рет 2012 жылы Австрияның Инсбурк қаласында өткізілді.
Бұл жылы биатлонның спринт түрінен қыздар арасында қазақстандық Галина Вишневская бір күміс алса, ізбе-із жүру бәсекесінде қола жүлдеге қол созды.
1994 жылы Семей қаласында дүниеге келген ол одан кейінгі кезеңде де бірнеше бәсекеде жеңімпаз болып, кейбірінде жүлдегерлер қатарынан көрінді.
2014 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионатында екі мәрте алтын алса, 2017 жылы Қысқы Универсиадада екі мәрте чемпион атанды.
Ал 2017 жылы Қысқы Азия ойындарында төрт мәрте жеңіс тұғырынан көрінді.
Сондай-ақ, 2012 жылғы жасөспірімдер арасындағы Қысқы олимпиадада қазақстандық шаңғышы Сергей Малышев 10 шақырымға классикалық әдіспен жарысуда үздік үштікті түйіндеді.
Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында 1994 жылы дүниеге келген шаңғышы одан кейін 2013 жылы Қысқы универсиадада эстафеталық әдіспен 10 шақырымға жарыста чемпион атанды.
Ал 2017 жылы эстафеталық әдіспен 7,5 шақырымға жарысуда күміс алса, сол жылы 30 шақырымға жекелей сында мәре сызығын үшінші болып қиды.
2016 жылы Норвегияның Лиллехаммер қаласында өткізілген жасөспірімдер арасындағы Қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына екі қола медаль түсті.
Мәнерлеп сырғанаудан қыздар арасында жекелей сында Элизабет Тұрсынбаева үздік үштіктен көрінді.
2000 жылы дүниеге келген ол кейіннен 2019 жылы әлем чемпионатында әйелдер арасында күміс медаль алса, сол жылы Қысқы универсиадада да дәл сондай жетістігін қайталады.
Өзге де жетістіктерге қол жеткізді. 2021 жылы алған жарақатына байланысты спорттық мансабын аяқтады.
Тағы бір қола жүлде биатлонның спринт түрінен қыздар арасында Арина Пантова алды.
Ал 2020 жылы Швейцарияның Лозанна қаласында болған жасөспірімдер арасындағы Қысқы олимп ойындарында қазақстандық спортшылар ешқандай жүлдеге қол жеткізе алған жоқ.
Еске салсақ, 2024 жылғы Қысқы жасөспірімдер олимпиадасында ел намысын 42 спортшы қорғайды.