Қыстауға көшкен малшыларға көмек көрсетілді - шетелдегі қазақ баспасөзі
«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қытайдың мемлекет және қоғам қайраткері Жанәбіл Сымағұлұлы дүние салды - CNR
Қытайдағы қандастар арасынан шыққан көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қытайдың ШҰАӨ халық үкіметі төрағасының бұрынғы орынбасары, Шыңжаң ұйғыр автономиялық өлкесі Саяси кеңесінің төрағасы болған ардақты ел ағасы Жанәбіл Сымағұлұлы 22 қараша күні 90 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Қытайдың «Орталық халық радиосы».

«Қытай халық Саяси мәслихат кеңесі Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкелік 7, 8-кезекті комитетінің төрағасы Жанәбіл Үрімжіде 90 жасында қайтыс болды», деп жазды Қытайлық БАҚ.
Айта кетейік, Қытайдың мемлекет және қоғам қайраткері Жанәбіл Сымағұлұлы 1934 жылы сәуір айында Қытайдың Алтай аймағы, Қаба ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1951 жылы бастаған. 1953 жылы тамыз айында ҚХР коммунистік партиясына мүше болып қабылданған. Жоғары білім мағұлыматына ие. Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкесінің орынбасар төрағасы, Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкелік партия көмитетінің тұрақты мүшесі, орынбасар хатшысы, Шыңжаң ұйғыр автономиялы өлкелік саяси кеңестің төрағасы сынды лауазымды міндеттерді атқарған.
ТМҰ елдері экология министрлерінің алғашқы жиналысының декларациясына қол қойылды - «ӨзА»
Баку қаласында өткен БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы (COP29) аясында Өзбекстанның ұлттық павильонында Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің қоршаған орта және экология бойынша жауапты министрлерінің алғашқы кездесуі өтті, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Өбекстандық БАҚ-тың дерегінше, іс-шараға ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев, Әзербайжан республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Мухтар Бабаев, Өзбекстан республикасының экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі министрі Азиз Абдухакимов, сондай-ақ ТМҰ-ға мүше елдердің қоршаған ортаны қорғау министрлері қатысқан.
«Кездесу соңында ТМҰ-ға мүше елдердің экология және қоршаған орта бойынша жауапты министрлерінің алғашқы жиналысының Декларациясына қол қойылды», деп жазады өзбекстандық басылым.
Сондай-ақ осы аптада «Ақтау қаласы 2025 жылы Түркі дүниесінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Ашғабатта өткен Түркі мәдениеті мен өнерін дамыту халықаралық ұйымы – ТҮРКСОЙ-ға мүше мемлекеттердің 41-ші мәжілісінде Ақтау қаласы 2025 жылы түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпарат агенттігі.

Аталған БАҚ-тың мәліметінше, Атаулы басқосуда, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев, Өзбекстан, Қазақстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Түркияның мәдениет саласындағы өкілдері және халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысты.
Кеңесте басты назар түркі мәдениетін дамыту және олар арасындағы бауырластық қатынастарын нығайтуға қарастырылған. Қатысушылар түркі тілдес халықтардың мәдени мұрасын сақтап, насихаттау жөнінде бірлескен әрекеттерді күшейту туралы пікір алмасты және тиісті шешімдер қабылдады.
Қытайлық қандасымыз Жапонияда алтын медал еншіледі - Harajorga
Қытайлық қандасымыз Ақнар Адаққызы конькимен жүгіруден Жапонияның Хатинохе қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында алтын медалды жеңіп алды, деп жазады «Harajorga» ақпараттық порталы.

Аталған басылымның мәліметінше, әйелдер арасындағы командалық жүгіру бәсекесінде Қытай құрамасы 3 минут 2.20 секунд нәтижемен топ жарып, Ақнар Адаққызы төрт құрлық чемпионатының чемпионы атанды.
Айта кетейік, конькиші Ақнар Адаққызы - Шыңжаң өлкесі, Құтыби ауданында дүниеге келген. Бұған дейін 2019 жылғы Қытай біріншілігінің 5000 метрлік жарысында - «алтын», 3000 метрде - күміс медаль алған. Халықаралық жарыстарға да қатысып, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүр. 2016 жылы Қытайдың ұлттық құрамасына қабылданған.
Сондай-ақ Ақнар Адаққызы Бейжіңдегі XXIV қысқы Олимпиада ойындарында Қытай құрамасы сапында өнер көрсеткен болатын.
Иран мұхиттарда 2000 метрден астам тереңдікке жергілікті техникамен жетеді - «ParsToday»
Иранның Ұлттық мұхиттану және атмосфера ғылымдары ғылыми-зерттеу институтының басшысы теңіздің 2120 метр тереңдігінде барлауға арналған құрылғының жасалғанын жариялап, бұл құрылғының технологиясы тек 14 елде ғана қолжетімді екенін айтты, деп хабарлайды Иранның «Parstoday» ақпарат агенттігі.

Аталған басылымның келтірген дерегіне сүйенсек, Иранның Ұлттық мұхиттану және атмосфералық ғылымдар ғылыми-зерттеу институтының директоры Мұртаза Тавакули теңіз әрекеттерінің табиғаты теңіздегі әртүрлі көрсеткіштерді зерттеу және өлшеу операцияларын қажет ететінін айтқан.
Сондай-ақ Таваколи Иранның Ұлттық мұхиттану және атмосфера ғылымдары институтының мүмкіндігі мен мүмкіндіктерін жоғары деп тоқталып, биылғы жылдың басында Иран 2120 метр тереңдікте өндіруді жүзеге асырды, мұндай мүмкіндік әлемнің 14 елінде ғана бар екеніндігін тілге тиек еткен.
Қыстауға көшкен малшыларға полицейлер көмектесті - «Халық газеті»
2024 жылғы қараша айының ортасынан бастап Шыңжаңның Іле қазақ автономиялы облысындағы және басқа жерлердегі малышылар қыстаулықтарына көшті. Атап айтқанда, жүздеген малшы отбасы мен 100 мың тұяқтан астам төрт түлік мал Бұратала облысының Арасан ауданындағы қыстауларына көшті, деп хабарлайды «Халық газеті» басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, көші-қон барысында малшылар мен малдарды қауіпсіз және тиімді жеткізу үшін Шыңжаңның кіріп-шығу шекаралық бақылау бекеті Бұратала шекара басқармасы Арасан шекара басқармасының бригадасы, Залмут шекаралық полиция бөлімшесі малшыларға қызмет көрсету тобын және «көші-қонға қызмет көрсету пунктін» құрды. Аталған қызмет көрсету тобы әртүрлі кепілдік жұмыстары мен малшылардың көшу сапары кезіндегі қауіпсіздігіне жан-жақты жәрдемдескен.
«Қазақтың отбасы фольклор» түрікшеге аударылды - TRT
Түркия Республикасының құрылғанына 101 жыл толуына орай Түркияның президенттік ұлт кітапханасында Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен және «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының ұйымдастыруымен М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, профессор Кенжехан Матыжановтың «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті, деп хабарлайды Түркия Радио Телевизия порталы.

Рәсімге Қазақстан елшілігінің атташесі Дінмұхаммед Өмірәлі, Президент кітапханалары басқармасының төрағасы Айхан Туглу, профессор-фольклортанушы Өзкул Чобаноғлу, ғалымдар мен студенттер және Анкарадағы қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, «Қазақтың отбасы фольклоры» кітабы - отбасылық ғұрыптардың тарихы, терминологиялық жүйесі, поэтикалық құрылымы этнографиялық байланыстар типологиясы деңгейінде қарастырылған 6 бөлімнен тұратын құнды дүние. Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі нұсқалардан бастау алатын қазақтың отбасы фольклоры түрік тілді аудиторияға жол тартты. Кітапты қазақшадан түрікшеге аударған - доктор Халил Четин.
«Рәсімде Президенттік ұлт кітапханасына М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институты атынан 500-ден астам кітап тарту етілді. Институт директоры Матыжанов Президенттік Ұлт кітапханасына «Қазақ фольклорының 100 томдығын» да сыйға тартқандарын атап өтіп, «Біз бүгін Президенттік кітапханаға қазақ фольклорының 100 томдығын алып келдік. Мұндай 100 томдық фольклор шығарған әлемдегі бірінші ел – Қазақстан. Дайындап, жариялаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. Бұл 100 томдық еңбек - аталарымыздың мирасы» деді», деп жазады Түркия Радио Телевизия порталы.
«Алтай ақпараты»: Зайсан көлі Шыңжаңға балық өнімдерін импорттайтын маңызды орынға айналды
Жеменей кеден бекетіндегі импорттық балық өнімдері екі жыл қатарынан Шыңжаң өлкесі бойынша бірінші орында тұр, деп хабарлайды қытайлық «Алтай ақпараты» басылымы.

Жеменей шекаралық экономикалық ынтымақтастық аймағын басқару комитеті 2024 жылдан бастап, Жеменей кеден бекеті арқылы барлығы 730 тонна су өнімдерін әкеліп, жылдың сәйкес мезгілімен салыстырғанда 47 пайызға арттырған. Импорт көлемі екі жыл қатарынан Шыңжаңның импорттық су өнімдері бойынша алдыңғы орынға шыққан.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Жеменей өткелі Қазақстанның Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданымен іргелес. Оның үстіне, аталған кеден бекеті қарақан, көксерке, шортан секілді балық түрлеріне бай Зайсан көлімен ара қашықтығы 100 шақырым ғана болғандықтан, су өнімдерін импорт ететін маңызды арнаға айналды. Қыс түсуіне байланысты, су өнімдерін импорт ету жұмысы күрт артқан. Осы жағдайға сәйкес Жеменей шекаралық экономикалық ынтымақтастық аймағын басқару комитеті Жеменей кеден бекетімен бірлесіп, «бірдің-бірге» деп аталатын саясаттық қызмет өтеу жұмысын ортаға қойған. Мұндағы мақсат - балық өнімдерін импорт етудегі қиын түйіндерді шешіп, кәсіпорындардың қаржыны жандандыруына дем беріп, сыртқы сауданы дамыту.
Қытайдың Жеменей шекаралық экономикалық ынтымақтастық аймағын басқару комитеті директорының орынбасары Ерлан Мырзақалиұлы кедендік ресімдеу тиімділігін арттыруды жалғастыратынын және кедендік ресімдеу қызметтерін ыңғайлы және тиімді пайдалануын қамтамасыз ететінін айтады.