Қыстың алғашқы күні қай өңірлерде көлік қозғалысы шектелді

АЛМАТЫ. KAZINFORM — «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы елдегі жолдардың қазіргі ахуалы туралы хабарлады. 

Қыстың алғашқы күні қай өңірлерде көлік қозғалысы шектелді
Фото: КазАвтоЖол

2025 жылғы 1 желтоқсан сағат 07:15–те Алматы облысында ауа райының нашарлауына (қалың тұман, көрінудің шектелуі) байланысты «Алматы –Талдықорған — Өскемен — Шемонаиха — РФ шекарасы» автожолының 25-67-шақырымдары (ААП– Қонаев қаласы) аралығында барлық көлік түрі үшін қозғалысқа шектеу енгізілді.

Жолды 2025 жылғы 1 желтоқсан сағат 10:00–де ашу жоспарланған.

Сондай-ақ төрт өңірде бұған дейін енгізілген шектеулер әлі де күшінде.

Ақмола облысы

Республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана — Көкшетау (айналма жол) — Петропавл — РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 19-231-шақырым аралығында көліктің барлық түрі үшін жылдамдық шектеуі 140 шақ/сағ-тан 110 шақ/сағ-қа дейін төмендетілді. Бұл шара ауа райының бұзылуына, температураның төмендеуі, көктайғақ, ұсақ қардың жаууына байланысты енгізілді.

Солтүстік Қазақстан облысы

«Тимирязево — Сарыкөл — облыс шекарасы» автожолының 0-30-шақырымында (Қостанай облысы шекарасы — Тимирязево ауылы) көліктің барлық түрі үшін шектеу бар.

Шығыс Қазақстан облысы

Тіркемесі бар және жартылай тіркемелі жүк көліктерінің қозғалысы Осинов асуында уақытша шектелді. Шектеу «Өскемен — Алтай — Катонқарағай — Рахман қайнары» автожолының 46-66-шақырымындағы (Северное ауылы — Серебрянск қаласы) учаскесінде сақталады.

Павлодар облысы

«Астана — Шідерті — Павлодар — Успенка — РФ шекарасы» автожолында (Қалқаман елді мекеніне кіреберіс пен Астанаға шығатын бағыт) көліктің барлық түрі үшін қозғалысқа уақытша шектеу енгізілді.

Қалқаман елді мекенінен Астанаға қозғалыс Береке «Қалқаман — Ақсу» көлік айрығы арқылы (ұзақтығы 6 шақырым) және Павлодар қаласынан Қалқаман елді мекеніне қозғалыс «Баянауыл» көлік айрығы арқылы жүзеге асырылады.

Ауа райы

1 желтоқсанда Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарының кей жерінде қар аралас жаңбыр мен қар жауады.

— Сол себепті жүргізушілерге жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты қатаң сақтап, жолдардағы ауа райының қолайсыздығын ескерулеріңізді сұраймыз, — делінген хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін Қазгидромет 1 желтоқсанда ауа райына байланысты бірқатар өңірде дауылды ескерту жариялаған еді.

Соңғы жаңалықтар