Қытай 2026 жылға арналған сыртқы саясат стратегиясын айқындады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И 30 желтоқсанда ҚХР-дың 2026 жылға арналған сыртқы саясатының негізгі бағыттарын таныстырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Оның айтуынша, жаһандық белгісіздік күшейген жағдайда Пекин Ғаламдық Оңтүстіктің рөлін нығайтуға және әлемдегі ірі державалармен тұрақты қарым-қатынастарды сақтауға ниетті.
Пекиндегі Дяоюйтай резиденциясында өткен жыл сайынғы дипломатиялық симпозиумда сөз сөйлеген СІМ басшысы 2026 жыл он бесінші бесжылдықтың басталуымен тұспа-тұс келетінін атап өтіп, бұл қытай дипломатиясы алдына жоғары деңгейдегі міндеттер қойып, жаһандық үдерістерге жүйелі көзқарасты талап ететінін айтты.
Ван И Қытайдың ірі державалар арасындағы қатынастардың жаңа форматын қалыптастыруға ниетті екенін жеткізді.
Оның айтуынша, жетекші мемлекеттердің өзара іс-қимылының сипаты жаһандық тұрақтылыққа тікелей әсер етеді.
Басымдықтарды баяндауды АҚШ-пен қарым-қатынастан бастаған министр өзара құрмет, бейбіт қатар өмір сүру, ынтымақтастық пен өзара тиімділік қағидаттарына негізделген жаңа позитивті өзара іс-қимыл моделін құруға ұмтылатынын мәлімдеді. Бұл ретте Қытайдың егемендігі, қауіпсіздігі және даму мүдделерін берік қорғау басты шарт болатынын атап өтті.
Одан кейін министр Ресеймен қарым-қатынасқа тоқталып, Қытайдың Мәскеумен ұзақмерзімді тату көрші болуға, жан-жақты стратегиялық өзара іс-қимылға және өзара тиімді ынтымақтастыққа негізделген байланыстарды нығайтуды жалғастыратынын, оларды жаңа мазмұнмен толықтырып, халықаралық стратегиялық тұрақтылықты бірлесіп қолдайтынын айтты.
Еуропамен қатынастар туралы сөз қозғаған Ван И Пекиннің Еуропалық одақпен өзара құрмет, айырмашылықтарды ескеру және ашық ынтымақтастық негізінде диалогты дамытуға, көпжақтылықты қолдау үшін әріптестік кеңістігін кеңейтуге ниетті екенін жеткізді.
2026 жылғы күн тәртібінде шекаралас мемлекеттерге ерекше назар аударылды.
Қытай оларды ортақ тағдыр қауымдастығының негізі деп қарастырады. Пекин инклюзивті тетіктер арқылы өңірлік қауіпсіздікті нығайтып, қақтығыстардың алдын алуға, ал экономика саласында RCEP аясындағы интеграцияны тереңдетуге және Қытай — АСЕАН еркін сауда аймағының 3.0 нұсқасын іске асыруды жеделдетуге ниетті.
Дипломатиялық стратегияда Ғаламдық Оңтүстікке айрықша орын берілді. Ван И Қытайдың дамушы елдерді модернизацияға бірлесіп ілгерілету үшін белсендірек біріктіретінін атап өтті.
Ол сондай-ақ модернизация батыстандырумен тең емес екенін ерекше айтты.
Осы тұрғыда БРИКС Пекин үшін қалыптасып келе жатқан көпполярлы әлемде дамушы мемлекеттердің мүдделерін қорғаудың негізгі платформасы ретінде қарастырылады.
Министр Африкамен серіктестікті тереңдету жоспары туралы айтып, нөлдік кедендік баж режимін енгізуді, Қытай — Араб мемлекеттері екінші саммитін өткізуді, сондай-ақ Парсы шығанағы елдерінің ынтымақтастық кеңесімен еркін сауда туралы келіссөздерді жеделдетуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Сонымен қатар Пекин Латын Америкасы елдерінің егемендігін қорғауға қолдау көрсететінін растады.
Ван И Қытайдың Дүниежүзілік сауда ұйымының орталық рөлін мойындай отырып, көпжақты сауда жүйесіне адалдығын тағы бір мәрте атап өтті.
Сондай-ақ Қытайдың 2026 жылы АТЭС-ке төрағалығы өңірлік экономикалық интеграцияны ілгерілету үшін пайдаланылатынын айтты.
СІМ басшысы жаһандық басқаруды реформалау қажеттігін ерекше атап өтіп, Қытайдың Біріккен Ұлттар Ұйымының рөлін нығайту және Ғаламдық Оңтүстік елдерінің халықаралық институттардағы өкілдігін кеңейту үшін дәйекті түрде әрекет ететінін мәлімдеді.
Бұған дейін Қытай 2026 жылы бюджеттік шығысты арттыратыны туралы жазған едік.