Қытай 31 тамыз бен 1 қыркүйек аралығында ШЫҰ саммитін өткізеді

АСТАНА. KAZINFORM — 20-дан аса елдің көшбасшылары және 10 халықаралық ұйымның басшылары Қытайдың Тяньцзинь қаласында өтетін Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) саммиті мен оған байланысты шараларға қатысады, деп хабарлайды Синьхуа.

ШЫҰ саммиті
Фото: Синьхуа

Бұл туралы сейсенбі күні ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И мәлімдеді.

ҚХР Сыртқы істер министрі және ҚХР Орталық Комитетінің Саяси бюросының мүшесі Ван И ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаевпен бірге Тяньцзиньде өткен бірлескен баспасөз конференциясында Тяньцзиньдегі ШЫҰ саммитінің 31 тамыздан 1 қыркүйекке дейін өтетінін хабарлады.

Сондай-ақ сол күні Ван И Тяньцзиньде ШЫҰ мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің Кеңесі отырысына төрағалық етті.

Отырысқа Қазақстанның вице-премьері, Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, Пәкістанның вице-премьері, Сыртқы істер министрі Мұхаммад Исхақ Дар, Беларусьтің Сыртқы істер министрі Максим Рыженков, Үндістанның Сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкар, Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Арагчи, Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Жээнбек Қулубаев, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, Тәжікстанның Сыртқы істер министрі Сироджиддин Мухриддин, Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Бахтиёр Саидов, ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев және ШЫҰ Аймақтық антитеррористік құрылымының Атқарушы комитетінің директоры Ұларбек Шаршеев қатысты.

Ван И ШЫҰ мүше мемлекеттерін ұйымды нығайту мәселелерінде кең келісімге ұмтылуға шақырып, тарих пен болашақ алдындағы жауапкершілікті көрсету керектігін баса айтты. Қытайлық дипломат ШЫҰ-ны дамытуға бес ұсыныс жасады.

Ол мүше мемлекеттер бастапқы мақсаттарынан таймай, «шанхай рухын» насихаттап, қауіпсіздіктің негізін күшейтіп, өзара тиімділікке жетуге, даму қозғалтқышын ынталандыруға, достық пен көршілік қарым-қатынасты нығайтуға, сондай-ақ адалдық пен әділдікті қолдауға тиіс екенін атап өтті.

Ван И Қытайдың ШЫҰ-ға төрағалық ету барысындағы жұмысына ризашылығын білдіріп, ұйымның бірлескен күш-жігері арқылы жаңа сапалы даму кезеңіне өтетініне сенім артты.

Отырысқа қатысушылар Қытайдың төрағалық еткен кезеңдегі елеулі жұмыстарын жоғары бағалап, Тяньцзиньдегі саммиттің табысты өтуі үшін қытай тарапымен үйлесімділік пен ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендерін айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ереван Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше болуға қызығушылық білдірді.

Соңғы жаңалықтар