Қытай 74 мемлекет азаматтарына елге визасыз кіруге рұқсат берді
АСТАНА. KAZINFORM – Туристерді тарту және әлемдік аренадағы ел имиджін көтеру үшін Қытай өз еліне 74 елдің азаматтарының 30 күнге визасыз кіруіне рұқсат берді, деп жазды Анадолы.

Бұл туралы ҚХР Ұлттық көші-қон қызметі хабарлаған.
Әуелде визасыз режим 2023 жылдың желтоқсанында Франция, Германия, Италия, Нидерланд, Испания және Малайзия тұрғындары үшін енгізілген болатын. Кейін бұл тізім кеңейтіліп, оған Еуропаның барлық елдері, сондай-ақ Азия, Таяу Шығыс және Латын Америкасының кейбір мемлекеттері қосылды.
16 шілдеде тізімге Әзербайжан да кіреді.
Қытай билігінің мәліметінше, 2024 жылы елге визасыз режим арқылы келген шетелдіктердің саны 20 миллионнан асты. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп.
АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Швеция, Ресей сияқты өзге де бірқатар елдердің азаматтары Қытай арқылы өзге мемлекетке бара жатқанда ғана 10 күнге дейінгі визасыз режимді қолдана алады.
Қытай туризм академиясының сарапшысы Лю Сяньяньнің пікірінше, визасыз саясат тек экономиканың дамуына ғана емес, мемлекеттің шетелдегі беделін көтеруге де ықпал етеді.
Осыған дейін Қазақстанға 87 елдің азаматы визасыз келе алатыны туралы жаздық.