Қытай АҚШ-тың жаңа баж салығын енгізу жоспарына үзілді-кесілді қарсы шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай АҚШ-тың 14 ел мен экономикаға, соның ішінде Қытайға қосымша баж салығын енгізу жоспарына үзілді-кесілді қарсы екенін мәлімдеді. Вашингтон мұндай шараны «артық өндірістік қуат» мәселесіне қатысты тергеу қорытындысы бойынша ұсынып отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі хабарлады.

Қытай АҚШ-тың жаңа баж салығын енгізу жоспарына үзілді-кесілді қарсы шықты
Фото: ҚХР Сауда министрлігі

Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігінің ресми өкілі Хэ Ядун кезекті брифингте Вашингтонның әрекетін халықаралық экономикалық тәртіпке нұқсан келтіретін және Дүниежүзілік сауда ұйымының ережелерін бұзатын біржақты саясаттың көрінісі деп бағалады.

25 қараша, сейсенбі күні АҚШ-тың Сауда өкілінің кеңсесі 301-бөлім бойынша жүргізілген тергеу қорытындысын жариялап, ұсынылған шараларды таныстырды. Бұған дейін Бейжің өз ұстанымын егжей-тегжейлі баяндаған бағдарламалық құжат жариялап, өндірістік қуаттың шамадан тыс көптігі туралы айыптауларды жоққа шығарған еді.

Хэ Ядунның айтуына қарағанда, жекелеген елдер «артық өндірістік қуат» мәселесін протекционизмге сылтау етіп, қалыпты нарықтық бәсекені саясаттандырып, өнеркәсіптің дамуына қатысты мәселелерді саяси құралға айналдырып отыр.

— Мұндай қадамдар елдердің өз ішіндегі құрылымдық мәселелерін шешуге көмектеспейді. Керісінше, жаһандық жеткізу тізбектері мен өнеркәсіптік ынтымақтастықтың қауіпсіздігі мен тұрақтылығына нұқсан келтіреді, әлемдік инфляцияны жеделдетеді, бизнес пен тұтынушылардың мүдделеріне зиян тигізеді және әлемдік экономиканың өсуіне ұзақ мерзімді жүйелі қауіп төндіреді, — деді ол.

Ведомство өкілі Вашингтонды қате әрекеттерін түзетіп, келіспеушіліктерді диалог пен консультациялар арқылы реттеуге үндеді. Сондай-ақ Қытай тарапы жағдайдың өрбуін мұқият бақылап, жауап шараларын қабылдау құқығын өзінде қалдыратынын және заңды құқықтары мен мүдделерін табанды түрде қорғайтынын айтты.

Еске салайық, бұған дейін АҚШ Қытай, Жапония, Еуропалық одақ және Үндістанды қоса алғанда, 14 сауда серіктесіне жаңа баж салығын енгізуді ұсынып отырғанын хабарланған еді.