Қытай алғашқы юаньға байланған стейблкоинды іске қосуды қарастырады
АСТАНА. KAZINFORM — Бейжің алғаш рет ұлттық валютаны интернационалдандыруды ынталандыру мақсатында юаньға байланған стейблкоиндарды пайдалануға рұқсат беруі мүмкін, деп хабарлайды Reuters.

Хабарламаға сәйкес, осы айдың соңына дейін Қытайдың Мемлекеттік кеңесі юаньды халықаралық есеп айырысуларда кеңінен қолдану жөніндегі жол картасын қарастырып, оны бекітуі мүмкін.
Құжатта шетелде қытай валютасын қолдану бойынша нақты мақсаттар, қаржы реттеушілердің міндеттері және тәуекелдерді басқару шаралары белгіленбек.
Бұл жоспардың қабылдануы Бейжіңнің қаржы саясатына маңызды бетбұрыс әкелмек. 2021 жылы Қытай криптовалютамен сауда мен майнингке толық тыйым салған еді. Алайда бүгінде ел стейблкоиндарды қаржылық инновация ретінде қарап, оларды юаньнің халықаралық беделін арттыру құралы ретінде қарастырып жатыр. Бұл — долларлық криптовалюталардың ықпалы өсіп жатқан кезеңге сай қадам.
Жаңа бастаманы жүзеге асырудың негізгі алаңдары ретінде Гонконг пен Шанхай таңдалмақ. 1 тамыздан бастап Гонконгта фиат валюталармен қамтамасыз етілген стейблкоиндарды шығарушыларды реттейтін заң күшіне енді. Ал Шанхайда цифрлық юаньмен операциялар жүргізетін халықаралық орталық құрылады.
Юаньнің рөлін кеңейту және стейблкоиндарды енгізу мәселесі халықаралық деңгейде де талқыланбақ. Бұл тақырып 31 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Тяньцзиньде өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібіне енуі мүмкін.
CoinGecko деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта әлемдік стейблкоин нарығының көлемі шамамен 247 млрд долларды құрайды. Ал Standard Chartered Bank болжамы бойынша, бұл көрсеткіш 2028 жылға қарай 2 трлн долларға жетуі мүмкін.
Осыған дейін Жапонияның Қаржылық қызметтер агенттігі осы күзде елдегі алғашқы ұлттық валютаға толық байланған стейблкоинді шығаруға рұқсат беретінін жазған едік.