Қытай автокөліктердің жанармай шығынын шектейді

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қытайда жеңіл және жеңіл коммерциялық автокөліктердің жанармай шығынын шектейтін жаңартылған ұлттық стандарттар күшіне енді, деп хабарлайды Xinhuanet.

Қытай автокөліктердің жанармай шығынын шектейді
Фото: Xinhua

Аталған жаңа ережелер 2026–2030 жылдар аралығында автокөліктердің энергия үнемдеу көрсеткіштеріне қойылатын талаптарды едәуір қатаңдатады.

Дәстүрлі және гибридті жеңіл автокөліктер үшін жанармай шығынының нормалары бұрынғы регламенттермен салыстырғанда шамамен 18 пайызға төмендетілді. Ең көп таралған сегментке жататын, салмағы шамамен 1,5 тонна болатын автоматты беріліс қорабы бар көліктер үшін жаңа шекті көрсеткіш 100 шақырымға 7,74 литр.

Жеңіл коммерциялық автокөліктер үшін жанармай шығынының жалпы лимиті 10 пайызға қысқарды. Салмағы шамамен 2 тонна болатын бензинмен жүретін жүк көліктері үшін жаңа норма 100 шақырымға 9,13 литр деңгейінде белгіленді.

Сарапшылардың пікірінше, бұл шараларды іске асыру Қытай автокөлік өнеркәсібін технологиялық жаңғыртуға қуатты серпін береді. Жаңа талаптар төмен көміртекті экономикаға көшуді қамтамасыз етіп қана қоймай, жанармай мен электр энергиясына кететін шығындарды айтарлықтай азайту арқылы автокөліктерді пайдалануды түпкі тұтынушылар үшін де тиімді етеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қытайдың Geely және GAC автокөліктері Ресей нарығынан кетуі мүмкін екенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар