Қытай Айдың арғы жағын зерттеуге арналған зондты іске қосты

Китай, космос
Фото: Синьхуа

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай «Чанъэ-6» ғарыш миссиясының ұшырылғанын жариялады. Оның аясында кейінгі зерттеулер үшін Айдың аз зерттелген жағынан алғаш рет топырақ жиналады, деп хабарлайды Еuronews

Қытай Айдың арғы жағына қонып, оның бетінен топырақ үлгілерін жинауы керек зондты іске қосты. 53 күндік миссия ғарышты игеру тарихында алғаш рет орындалып отыр.

«Чанъэ-6» зонды бар зымыран тасығыш Хайнань аралындағы «Вэньчан» спутниктік ұшыру орталығынан жұма күні шығыс Еуропа уақытымен сағат 17:27-де ұшырылды.

Жоспарға сәйкес, ғарыш аппараты Ай орбитасына жетіп, содан кейін оның қону модулі Оңтүстік полюс-Эйткен бассейніне қонады. Бұл – Айдың Жерден ешқашан көрінбейтін және аз зерттелген алыс жағы.

«Чанъэ-6» бұрғылау қондырғысы мен роботтандырылған шөміш құрылғысының көмегімен шамамен 2 килограмм топырақ жинауы тиіс. Үлгілер арнайы контейнерлерге салынады. Модуль онымен бірге әуелі орбиталық аппаратқа, содан кейін Жерге оралады. Аппарат желтоқсан айының ортасында Қытайдың солтүстігіндегі Ішкі Моңғолия аймағына қонады деп шамаланып отыр. 

ҚХР бұл миссияны Франция, Италия және Еуропалық ғарыш агенттігімен, сондай-ақ «Чанъэ-6» үшін өз жабдықтарын ұсынған Швециямен бірлесіп жүргізеді.

Сондай-ақ оның бортында пәкістандық шағын жерсерігі бар.

Соңғы жаңалықтар