Қытай бала күтімі бойынша субсидияға 12,6 млрд доллар бөледі

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Қаржы министрлігі биыл орталық бюджеттен бала күтімі бойынша субсидияларды төлеуге 90 миллиард юань (шамамен 12,6 миллиард АҚШ доллары) бөлінетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Синьхуа.

Китай выделит $12,6 млрд на выплату субсидий по уходу за детьми
Фото: freepik.com

Орталық бюджеттен бөлінетін трансферттік төлемдер аясында құрылатын бұл бағдарлама жергілікті билік органдарына жалпы төлем көлемінің шамамен 90 пайызын жабуға мүмкіндік береді.

Қытай Халық Республикасының Денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің ресми өкілі Ван Хайдунның айтуынша, бала күтімі бойынша субсидиялар тамыздың үшінші онкүндігінен бастап Қытайдың бүкіл аумағына біртіндеп енгізіледі. 31 тамызға қарай бұл көмек барлық өңірде толық қолжетімді болады деп күтіліп отыр.

Оның сөзінше, комитет тиісті үкіметтік органдармен бірлесіп, бала күтімі бойынша субсидия жүйесін басқару ережелері мен қаржы қорларын реттейтін құжаттарды әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар жергілікті билік өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, субсидияны жүзеге асырудың нақты жоспарларын жасап, қызметкерлерді іріктеу және оқыту жұмыстарын жүргізуі тиіс.

Қытай жақында бала күтіміне арналған мемлекеттік субсидия жүйесін енгізетінін жариялады. Бұл — отбасыларды қолдау және туу көрсеткішін арттыруға бағытталған ауқымды шаралардың бірі.

Бағдарлама аясында 2025 жылдан бастап 3 жасқа дейінгі әр балаға жыл сайын 3 600 юань (шамамен 503 АҚШ доллары) көлемінде төлем жасалады.

Бұл субсидиялар жеке табыс салығынан босатылады және отбасының не жеке адамның табысы ретінде есептелмейді. Яғни, ең төменгі күнкөріс деңгейіндегі немесе аз қамтылған санатқа жататын азаматтардың жәрдемақы алуына әсер етпейді.

Соңғы жаңалықтар