Қытай бала тууды қолдау үшін жаңа шаралар қабылдады — шетелдегі қазақ баспасөзі
Kazinform ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.
Өзбекстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 4 миллионнан асты — ӨзА
2024 жылғы 1 қазан жағдайы бойынша Өзбекстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 4 миллион 83 мың 700 адамға жетті. Салық комитетінің хабарлауынша, қазіргі уақытта өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдардың 57 пайызы ерлер, ал 43 пайызы әйелдер, деп хабарлайды өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 86,8 пайызға өскен. Өсу көрсеткіші ең жоғары салалар — тұрмыстық қызмет — 133,6 пайыз (987,4 мың адам), өндіріс және қызмет көрсету — 113,5 пайыз (203,5 мың адам), ақпарат-коммуникация — 96,7 пайыз (51,6 мың адам).
Аймақтар бойынша алып қарағанда, алғашқы үштікте Самарқанд (470 мыңнан астам), Қашқадария (413 мыңнан астам) және Ташкент (378 мыңнан астам) облыстары кірген. Жызақ, Науаи және Сырдария облыстары соңғы орындарда тұр.
«Сонымен қатар, жеңіл автокөліктерде жолаушылар тасымалымен айналысатын азаматтар саны 611,6 мыңды құрады. Оның ішінде 344,7 мың адам 2024 жылы тіркелген», деп жазады «ӨзА».
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Биыл метрода қанша жолаушы тасымалданғаны белгілі болды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Атап айтқанда, 2024 жылдың 9 айында Ташкент метросында қанша жолаушы тасымалданғаны белгілі болған.
Статистика агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Ташкент метрополитенінде жалпы 190,1 миллион жолаушы тасымалданған.
Бұл көрсеткіш 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,4 миллион жолаушыға артқан, өсім қарқыны 162,9 пайызды құраған.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ташкент метрополитені 4 желіден тұрады, онда 50 станция бар.
Қытай бала тууды қолдау үшін жаңа шаралар қабылдады — «Халық газеті»
Мемлекеттік кеңестің бас басқармасы 28 қазан күні құжат жариялап, бала туу, бала күтімі және білім беру шығындарын азайту бойынша бірқатар жаңа шара жариялады.
Бұл туралы осы аптада Қытайдың «Халық газеті» хабарлады.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, құжатта бала туу қызметтерін қолдауды күшейту, бала күтіміне қызмет көрсету жүйесінің құрылысын нығайту, білім беру, тұрғын үй және жұмыспен қамтуда қолдауды арттыру сияқты шаралар көзделген. Сондай-ақ бала тууға қолайлы әлеуметтік атмосфераны қалыптастырудың 4 аспектісі бойынша 13 нақты шара ұсынылған. Сол арқылы бүкіл қоғам балалы болуды құрметтейтін және қолдайтын жақсы атмосфера қалыптастырмақ.
Сондай-ақ осы аптада «Халық газеті» басылымында «Қытай жылына 10 мыңға дейін ұшатын көлік шығармақ» деген тақырыптағы хабар жариялады.
Атап айтқанда өткен жексенбіде Қытайдың оңтүстігіндегі Гуандун провинциясының орталығы Гуанчжоуда әлемдегі алғашқы интеллектуалды ұшатын көлік шығаратын базаның құрылысы басталды.
Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, XPENG ұшатын автокөліктердің еншілес кәсіпорны XPENG AEROHT тапсырыс берген өндірістік база ұшатын автомобильдерді шығаратын әлемдегі алғашқы сериялық зауыт болады.
Базаның мәліметтерінше зауыт көлемі 180 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Болашақ жоба бойынша жылына 10 мың ұшатын көлік шығармақ.
Аталған көлік алғашқы рейсін осы жылдың қыркүйегінде жасаған болатын, ал алғашқы сатылымы 2024 жылдың соңында басталмақ.
Апта соңына қарай «Халық газетінде» «Қорғас еркін сауда аймағында алғашқы тоғыз айда импорт-экспорттың жалпы құны 37 миллиард юаньнан асты» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Бас кеден басқармасының статистикасына сәйкес, биыл қаңтар-қыркүйек айлары аралығында Қорғас кешенді еркін сауда аймағында импорт пен экспорттың жалпы құны 37,356 миллиард юаньға жетіп, бір жылмен салыстырғанда 30,8%-ға өскен.
Сөйтіп, елдегі 160 кешенді еркін сауда аймағының ішінде 33-орынға және Шыңжаңдағы кешенді еркін сауда аймақтарының арасында 2-орынға ие болды.
Белград халықаралық кітап көрмесінде ирандық үш жаңа кітап тұсауы кесілді — Parstoday
67-ші Белград халықаралық кітап көрмесінде серб тіліне аударылған ирандық үш кітаптың тұсауы кесілді, деп хабарлайды Parstoday ақпарат агеттігі.
Аталған басылымның мәліметінше, ИИР-ның Мәдени кеңес беру мекемесінің ынтымақтастығымен «Имам Реза — Пайғамбар әулетінің данасы», «Диван Хафиз» және «Нұр» атты үш ирандық кітаптың ашылу рәсімі Сербияда, Белград халықаралық кітап көрмесінің «Яванович Замай» залында өтті.
Бұл кітапты Александр Драгович аударып, «Сержан Маркович» баспасынан шығарған.
Сербия әдеби бірлестігінің басшысы Ненад Милошевич те осы рәсімде Иранның әйгілі ақыны Хафездің тұлғасы туралы пікір білдіріп, Хафездің лирикасына ықыласы бөлек екенін айтты.
Сондай-ақ Милошевич «Диван Хафиздің» Сербияда басылуын осы ұлы ирандық ақынды серб қоғамына танытудағы құнды қадам деп санаған.
Сонымен қатар «Parstoday»-де «Мәскеу халықаралық көрмесінде Иран өнерін кеңінен қабылдау» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрген болатын.
Аталған басылымның дерегінше, Мәскеуде 50 ирандық суретшінің жұмыстары қойылған халықаралық заманауи өнер көрмесі өтті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, бұл ирандық суретшілердің Ресей нарығына шығуына жасалған қадам болуы мүмкін.
Мәскеуде жексенбі күні кешке дейін жалғасқан үш күнге созылған көрмеде өнер сүйер қауым Иранның заманауи өнерімен танысуға мүмкіндік алған.
Parstoday ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Cosmoscow халықаралық заманауи өнер көрмесінде ирандық суретшілердің туындыларына жеке бөлім арналып, бес стендте 59 сурет пен 9 өнер туындысы қойылған.
Иран Ислам Республикасының Мәскеудегі елшілігінің мәдени кеңесшісі Масуд Ахмадванд осы көрмеде ирандық туындылардың кең көлемде қабылдануына тоқталып, ирандық суретшілер өз туындыларында өздерінің тамыры мен бай тарихы мен заманауи мәдениет үрдістеріне байланысты ұлттық және әлемдік даңққа қол жеткізді, деген.
Иран өнерінің бұл көрмесі Мәскеудегі Иран елшілігінің мәдени кеңесімен және Ресей мен Иран арасында мәдени диалог құру саласында белсенділік танытып жүрген ресейлік «Kulturing» компаниясының қолдауымен өткізілген.
Дәрігер Жұматай Әубәкірұлы мемлекет тарапынан марапатталды — Жэньминь жибао
27 қыркүйек күні Мемлекеттік ұлттық бірлік пен үлгілі тұлғаларды марапаттау жөніндегі жиналысы Бейжиңде өткізілген болатын. Аталған мемлекет дәрежелі марапаттауда Іле қазақ автономиялы облысы Текес ауданына қарасты Бозадыр ауылдық емханасының дәрігері Жұматай Әубәкірұлы «Мемлекеттік ұлттар ынтымағындағы үлгілі тұлға» атағын алды, деп хабарлайды Қытайдың «Жэньминь жибао» ақпараттық порталы.
Аталған БАҚ-тың дерегінше, ол теңіз деңгейінен 3000 метр биіктіктегі Бозадыр деп аталатын малшылар тұратын шалғайдағы таулы қыстақта 30 жылдай уақыт жерлестерінің денсаулығына жауапты дәрігер болып қызмет атқарған.
Дәрігер отбасында дүниеге келген Жұматай әкесінің жолын қуып, дәрігер болуды таңдаған. Ол өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында Құлжа қаласынан дәрігерлік оқуды оқып бітіргеннен кейін, Бозадыр ауылындағы емханаға келіп қызмет істей бастайды. Ж. Әубәкірұлы жұмыс істейтін өңірде негзінен мал шаруашылымен айналысатын адамдар болғандықтан дәрігерлік қызметті атқару барысында көптеген қиындықтар туындайтын еді.
Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Жұматай қыстың қақаған аязында, жаздың шіліңгір ыстығына қарамастан науқас қайда болса сонда, күн демей, түн демей жерлестері үшін қалтқысыз еңбек еткен айтулы дәрігер бола білген. Сондықтан ол қандай марапат алсада лайық дейді бозадырлық жерлестері.
«Бозадыр малшылары өте бақытты, өйткені бізде Жұматай бар», дейді малшы Жексенбай Сұлтанғазыұлы атты желесі.
Мемлекет бойынша үздік тұлға деп 368 азамат таңдалып, марапатталған. Дәрігер Жұматай Әубәкірұлы сол үздіктердің бірі болып таңдалғандықтан, арнайы мемлекет беретін сыйлықты тапсырып алу үшін Бейжіңге шақырылған екен.
Адыяманда 3000 жыл бұрынғы 10 елді мекен табылды — TRT
Түркияның оңтүстік-шығысындағы қала Адыяманның Кахта ауданындағы Ататүрік бөгет тоғанының жағасында жүргізілген археологиялық зерттеулер нәтижесінде 3 мың жыл бұрынғы қоныстану аймағы анықталды.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Адыяман мұражай басқармасы қызметкерлері Белөрен ауылдық аймағындағы бөгет тоғанының жағасындағы тарихи аймақтарды анықтау үшін зерттеу жұмыстарын бастады.
Өңірге барған арнайы топ аймақта барлау және қайықпен жағаларды зерттеу арқылы 3000 жыл бұрынғы 10 елді мекенді анықтаған.
Адыяман мұражайының директоры Мехмет Алканның айтуынша, мұнда жартас қалашықтарынан тұратын 10 елді мекенді анықталған. Табылған қыш ыдыстар сол дәуірде өмір сүрген адамдар болғанын көрсетеді. Сонымен қатар далалық зерттеу барысында арна пішінді қуыстар мен бөлме типті қоныс аймақтары табылған.