Қытай балабақшасындағы оқиға: 70-тен астам бүлдіршін қорғасынмен уланды
ASTANA .KAZINFORM – Қытайдың Ганьсу провинциясына қарасты Тяньшуй қаласындағы жекеменшік балабақшалардың бірінде балалар жаппай қорғасынмен уланғаны анықталды.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Тяньшуй қаласының Майцзи ауданына қарасты Хэшиши Пэйсинь (褐石培心) балабақшасында 74 баланың қанындағы қорғасын мөлшері қалыпты деңгейден айтарлықтай жоғары болған. Оның ішінде 70 балада улану белгілері анықталып, қан құрамындағы қорғасын 200–500 мкг/л деңгейінде байқалған. Ең жоғары көрсеткіш — 528 мкг/л.
Балалардың ата-аналары биылғы наурыз-маусым айларында бүлдіршіндерінің бас айналу, іш ауыру, құсу, шаш түсу, тіс қарайып кету секілді белгілерге шағымданып, дабыл қаққан. Алайда жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің алғашқы талдаулары қан құрамындағы қорғасын деңгейі «қалыпты» деген қорытынды шығарған.
Көптеген ата-ана бүлдіршіндерін Сиань қаласына апарып, тәуелсіз зертханаларда қайта тексерткен кезде улану белгілері айқын анықталған.
The Paper ақпарат агенттігінің жазуынша, балаларды уландырған негізгі себеп - балабақшада берілген азық-түліктен. Әсіресе, «үш түсті құрма бәліші» мен жүгері шұжығының құрамынан қалыпты мөлшерден әлдеқайда көп қорғасын табылған.
Кей деректер бойынша, балабақшада қолданылған нан ашытқысының арзан әрі заңсыз өндірілген түрі (бағасы — 12 юань/кг, шамамен 750 теңге) қолданылған. Оның құрамындағы қорғасын мөлшері бірнеше есе жоғары болған.
Қазіргі таңда оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, балабақша басшылығы мен азық-түлік жеткізушілерге қатысты тергеу жүргізілуде. Сонымен қатар, балабақшаның асханасындағы азық-түлік үлгілері арнайы сараптамаға жіберілген.
Жергілікті билік пен қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы 200-ден астам сынама алып, талдауларды Ганьсу провинциясының жұқпалы аурулар орталығына жіберді.
Балаларды емдеу ісі Сиань қалалық орталық ауруханасында жүргізіліп жатыр. Бұл жерде балаларға арнайы жасыл дәліз ашылып, кешенді емдеу (тамыр ішіне дәрі жіберу, у қайтару терапиясы, арнайы диета, психологиялық көмек) ұйымдастырылған.
Дәрігерлердің айтуынша, кейбір балалар ұзақ мерзімді бақылауды қажет етеді, себебі қорғасын баланың жүйке жүйесіне ауыр әсер етеді.
Аталған жағдай Қытайдағы балалардың денсаулығына қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Елдегі әлеуметтік желілерде бұл оқиға қызу талқыланып, қоғамдық резонанс тудырды.
Қытайда балалардың қорғасынмен улануы алғаш рет тіркеліп отырған жоқ. 2009 жылы Шэньси өлкесіндегі Фэнсян ауданында 800-ден астам бала жергілікті қорғасын зауытының ластауынан кейін уланған. Сол жылы Хунань өлкесінің Угань қаласында тағы да мыңдаған бала қорғасын зауытынан зардап шеккен. Бұл оқиғалардан кейін Қытай үкіметі өнеркәсіп нысандарына бақылауды күшейтуді уәде еткен еді.
Дегенмен, арада он жылдан астам уақыт өтсе де, Тяньшуйдегі оқиға азық-түлік қауіпсіздігі мен мектепке дейінгі мекемелердегі бақылау жүйесінің әлсіз екенін көрсетті. Бұл — қауіпсіздік шаралары мен санитарлық стандарттардың толық сақталмай отырғанының дәлелі.
Денсаулық сақтау саласының мамандары балабақшаларда берілетін азық-түлік өнімдерін қатаң бақылауға алуды, мектепке дейінгі ұйымдардың жеткізушілері мен тағам технологияларын толықтай тексеруді ұсынады.
Сонымен қатар, балалардағы ауыр металл қалдықтарының әсерін азайту үшін ұзақ мерзімді медициналық және психологиялық қолдау қажет.
Бейжің мен Сиань қалаларындағы жетекші токсиколог мамандардың пікірінше, қан құрамындағы қорғасын 200 мкг/л-ден асса, жүйке жүйесіне қайтымсыз зақым келуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда тез арада арнайы у қайтару шаралары мен нутрициялық терапияны кешіктірмей бастау қажет.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Жергілікті билік барлық кінәлілердің қатаң жазаланатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, Қытай Еуропалық Одақтан келетін алкоголь өнімдеріне салықты өсірді.