Қытай «Бір белдеу, бір жол» бастамасына Панаманың қатысудан бас тартуына жауап берді
Жұма күні Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Лин Цзянь Панаманың «Бір белдеу, бір жол» бастамасына қатысуды тоқтатады деген ақпаратына жауап ретінде мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Лин Цзянь баспасөз мәслихатында Қытай АҚШ-тың бұл әрекетіне үзілді-кесілді қарсы екенін және Панаманың Қытаймен «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығы туралы меморандумды жаңартпайтынына қатты өкінетінін айтты.
Қытай Сыртқы істер министрлігі өкілінің сөзінше, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы 150-ден астам елдің, соның ішінде 20-дан астам Латын Америкасы елдерінің халқына нақты пайда әкелген экономикалық ынтымақтастық бастамасы. Қытай мен Панама арасындағы «Бір белдеу, бір жол» ынтымақтастығы соңғы жылдары жемісті нәтижелер берді.
«Қытай Панаманың сыртқы араласуды жойып, екіжақты қарым-қатынастардың жалпы жағдайына және екі халықтың ұзақ мерзімді мүдделеріне негізделген дұрыс шешім қабылдауына үміттенеді», - деді ол.
Қытай Панаманың Панама каналындағы егемендігін қолдайды және оның мәңгі бейтарап халықаралық су жолы ретінде мәртебесін сақтауға міндеттенеді, деп мәлімдеді Қытай Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Еске салайық, Панама президенті Хосе Рауль Мулино АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен келіссөздерден кейін ел үкіметі Қытаймен «Бір белдеу, бір жол» бастамасы бойынша өзара түсіністік туралы меморандумды жаңартпайтынын айтқан.
Бұған дейін Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың Панамаға, сондай-ақ Гватемала, Сальвадор, Коста-Рика және Доминикан Республикасына баратыны хабарланған болатын.