Қытай буддистері өкілі: Діндер арасындағы татулық — бейбітшілікке бастар жол

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының жиырма үшінші отырысы өтті. Жиын барысында Қытай буддистер қауымдастығы төрағасының орынбасары, Қытайдың әйгілі дін қайраткері Цзин Бо сөз сөйледі.

 Цзин Бо
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Цзин Бо өз сөзінде ең алдымен ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, барлық әріптесі мен қонақтарына ыстық сәлемін жолдады. Оның айтуынша, Қазақстан ежелден Шығыс пен Батыстың тоғысқан мекені әрі Ұлы Жібек жолының маңызды торабы болып келген. Бүгінгі таңда да Қазақстан көп өркениетті тоғыстырған бірегей құндылықтарды паш етіп, «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында мәдени байланыстың маңызды алаңына айналып отыр.

— Әлемдік діндердің түпкі мұрат-мақсаттары ортақ — ол адамзатты қорғау және бейбітшілікті дәріптеу, — деді Цзин Бо.

Ол өз сөзінде буддизмнің «себеп пен шарттың тоғысуы» қағидатын еске салып, сонымен қатар христиан дінінің «өзгені өзіңдей сүю», исламдағы мейірім мен кешірім, даосизмдегі «табиғатпен үйлесім» қағидаттарын атап өтті. Бұлардың барлығы, оның айтуынша, діндер арасындағы үнқатысу мен ынтымақтастықтың берік негізін қалайды. Сонымен бірге ол съездің жаһандық деңгейде ой-пікір алмасудың мінбері болып отырғанын атап өтті.

— Біз мұнда тәжірибе мен ықыласты ортаға салып жиналдық. Бұл диалог идеялардың тоғысуына ғана емес, даму мен бейбітшілікке бағытталған нақты қадамдарға жол ашады, — деді Цзин Бо.

Цзин Бо
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ол болашақтағы ынтымақтастықты сөз ете келе, діндер арасындағы диалогты «татулық рухында» тереңдету қажеттігін айтты. Сондай-ақ дін лидерлерінің тұрақты кездесу тетігін қалыптастыруды, жастардың құндылықтарын қалыптастыру мен отбасы құндылықтарын нығайту мәселелерін талқылауды ұсынды. Оның айтуынша, діни мәдениет пен дәстүрлі құндылықтар қоғам өміріне етене еніп, әлеуметтік қайшылықтарды шешуге, жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге көмектесуі тиіс.

— Жаһандық жылыну, ашаршылық, қақтығыстар сияқты мемлекеттер мен сенімдерден жоғары тұрған мәселелерде дін өкілдері ізгі ой мен игі істерді нақты әрекетке айналдыруы керек. Жастарды сенім мен руханият арқылы тәрбиелеп, бейбітшілік ісін жалғастыру — баршамыздың ортақ міндетіміз, — деді ол.

Сөзінің соңында Цзин Бо сегізінші съездің табысты өтуіне тілектестік білдіріп, Қытай буддистері әлемдік дін өкілдерімен қол ұстаса отырып, бейбіт әрі бақытты болашақ құру жолында күш біріктіруге дайын екенін атап өтті.

Белгілі болғандай, 2025 жылғы 17–18 қыркүйекте Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің сегізінші съезі өтеді. Форумға әлемнің түкпір-түкпірінен діни және қоғам қайраткерлері қатыспақ.

Бұдан бұрын Оңтүстік Корея Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезіне қатысатынын жеткізген еді.

Соңғы жаңалықтар