Қытай демографиялық дағдарысты еңсере ала ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда халық санының ұдайы азаюы ел экономикасының өсуіне елеулі әсер ете бастағаны құпия емес. Осыған байланысты Қытай билігі жас жұбайларды бала сүюге ынталандыруға бағытталған ақшалай жәрдемақы жүйесін енгізбек.

Қытай демографиялық дағдарысты еңсере ала ма
Фото: canva

Lianhe Zaobao ұсынған деректерге сәйкес, ұлттық бағдарлама аясында 2025 жылы 1 қаңтардан кейін дүниеге келген әр балаға жасы үшке толғанға дейін бюджеттен жыл сайын 3 600 юань (шамамен 250 000 теңге) көлемінде жәрдемақы төленеді.

Қытай үкіметінің «бір бала саясатынан» бас тартқанына 10 жылдың жүзі болса да, демографиялық ахуал күткендегідей жақсарып кете алмады. 2022 жылдан кейін ел халқының саны қатарынан 3 жыл бойы теріс өсім көрсетті. Қытайдың Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2024 жылы елде 9,54 млн сәби жарық дүние есігін ашқан, бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда 520 мыңға көп. Алайда «бір үйге бір бала» саясатына нүкте қойылған 2016 жылғы көрсеткіштің жартысындай ғана. Сол жылы елде 18,8 млн шақалақ дүниеге келген еді.

Демографиялық дағдарысқа не түрткі?

Демографиялық өсімнің тоқырауы әлемнің бірқатар аймағында, әсіресе Жапония мен Оңтүстік Корея сияқты Шығыс Азия елдерінде айрықша көзге шалынып отыр. Өмір сүру құнының өсуі, жастардың үйлену мен бала сүю жоспарын кейінге шегеруі, оның орнына жоғары білім мен кәсіби дамуға көбірек ден қоюы халық өсімінің баяулауының ортақ себебі ретінде аталғанмен, Қытайда демографиялық дағдарыстың өзіндік тарихи негізі бар екенін ескерген жөн.

ҚХР шаңырақ көтергеннен кейін, ел халқының саны таңғаларлық қарқынмен өсе бастады, нақтырақ айтқанда 1950-1970 жылдар аралығында халық саны шамамен 50%-ға артты. Бұның бір себебі соғыстан кейін Қытай үкіметі халықты көбірек бала табуға ынталандырды және осы мақсатта Кеңестер одағының үлгісімен «Батыр ана», «Ана даңқы» сияқты атақтар белгілеп, көпбалалы аналарды марапаттап отырды.

Отбасын жоспарлау арқылы халық санының жылдам өсімін шектеу туралы ғылыми қауымдастықтың ұсынысы 1950 жылдардың орта шеніне қарай ел билігінің назарына ілініп, қолдау таба бастағанмен, бұл кезеңде елдің демографиялық саясаты тұрақты болған жоқ, ҚКП жүйесіндегі саяси күрестің қажетіне байланысты үнемі құбылып отырды. 1958 жылы сәуірде Мао Цзэдун «күшіміз көптікте» деп мәлімдеп, демографиялық шектеу шараларын теріске шығарды. 1959-1961 жылдар аралығындағы ашаршылық салдарынан Қытайда демографиялық өсім алғаш рет тоқырап, отбасын жоспарлау саясаты тоқтатылды.

Халық санының күрт өсуі мемлекеттік басқарудың тиімділігіне айтарлықтай қиындық тудырғанын ескерген Қытай үкіметі 1970 жылдары тууды бақылау шараларын қайта енгізе бастады. 1973 жылы басталған «кешірек, сирегірек, азырақ» (кешірек үйлену және сирегірек, азырақ бала табу) қозғалысы аясында неке жасы ерлер үшін 25-ке, әйелдер үшін 23-ке шегеріліп, туу уақытының арасындағы интервал кемінде үш жыл болуы қажет деп белгіленді һәм әр отбасына екі баладан артық тумауға кеңес берілді. Ережені бұзғандар қатал жазаға тартыла бастады. Аталған саясат өз нәтижесін берді. 1970-1980 жылдар аралығында елдің фертильдік коэффициенті 6,1-ден 2,7-ге дейін төмендеді.

Қытай үкіметі 1980 жылы «бір үйге бір бала» саясатын жаппай қолданысқа енгізді, шын мәнінде бұл «кешірек, сирегірек, азырақ» науқанының жетілдірілген, қатайтылған нұсқасы еді. Жаңа саясат, әсіресе қала тұрғындарына қатысты қатаң сақталды – олардан бір баламен шектелу талап етілді. 1980 жылдардың ортасына қарай атышулы саясат сәл жұмсартылып, этникалық азшылықтарға және тұңғышы қыз болған ауыл тұрғындарына екінші баланы дүниеге әкелуге рұқсат берілді.

Мәжбүрлі түсік пен стерилдеу шараларына тыйым салынғанына қарамастан, жергілікті әкім-қаралар орталық үкімет белгілеген туу көрсеткішіне қол жеткізу үшін айтылған шараларға жиі ерік беріп отырды. Бұл өз кезегінде екі жыныс арасындағы табиғи үйлесімнің бұзылуына жол ашты. Ушыққан ахуалдың астарында қыз баланы қор көретін дәстүрлі түсінік пен еркектің артықшылығына негізделген әлеуметтік бейімділік жатқан еді. 2021 жылғы статистика бойынша, Қытайда ер кісілердің саны әйелдерден шамамен 30 млн-ға артық. 2025 жылы ақпан айында жарияланған ресми дерекке сәйкес, Қытайда гендерлік қатынас 100 әйелге 104,34 ер адам болып отыр.

Қысқасы, Қытайда халық санының шұғыл азаюына 1980 жылдан 2015 жылға дейін жалғасқан «бір бала» саясатын, сондай-ақ қарқынды урбанизация үрдісін, өмір сүру мен бала оқыту шығындарының жоғарылығын, жұмыспен қамтудың тұрақсыздығын және әлеуметтік қысымның артуын негізгі себептер ретінде атауға болады. 2021 жылы Қытай билігі ел азаматтарына 3 балалы болуға рұқсат еткенмен, демографиялық көрсеткіштердің жақсара қоймауы осыған дәлел.

Қытай демографиялық дағдарысты еңсере ала ма
Фото: freepik

Демографиялық дивидендке нүкте қойылды ма?

«Реформа мен ашық есік» ұстанымы ел саясатының тұтқасына айналған 1980 жылдардан кейін, халық санының молдығы, іс жүзінде экономиканың дамуын өрге сүйреген негізгі локомотивтердің бірі болды. Қытай демографиялық дивидендтің, нақтырақ айтқанда, еңбекке қабілетті жастағы халықтың үлесі жұмыс істемейтін адамдардың үлесінен жоғары болуы арқасында экономикалық кереметке қол жеткізді.

Демографиялық дивиденд кезеңі Қытайдың Батыс әлеміне «есік ашуымен» тұспа-тұс келді. Аз ғана жылдың ішінде жұмыс күшінің арзандығымен әлемдік фабрикаға айналып үлгерген Қытайда жүз миллиондаған жас жұмыскер адал еңбегінің арқасында кедейліктен құтылды. Отыз жылға жалғасқан өрлеу кезеңінің көп бөлігінде Қытайдың экономикасы екі таңбалы өсім қарқынын көрсетті. Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін Қытай көз ілеспес жылдамдықпен алға озып, елде орта таптың үлесі арта бастады.

Оптимистік көңіл-күй 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасы кезінде шырқау шегіне жетті. Жаһандық қаржы дағдарысының үдей түскеніне қарамастан Қытай экономикасы жылдам өсімін сақтап қалды. Қытай жаһандық экономиканы дағдарыстан шығара алатын жалғыз ел ретінде қарастырылды. Арада бірер жыл өткенде, Қытай Жапонияны басып озып, әлемдегі екінші ірі экономикаға айналды.

Алайда Гавайи университетінің профессоры Эндрю Мэйсон мен Калифорния университеті Ирвайн филиалының профессоры Ван Фэннің зерттеуіне сүйенсек, 2013 жылға қарай Қытайда демографиялық дивиденд негізінен аяқталған.

Осылайша елде қалыптасқан қазіргі демографиялық үрдіс Қытайдың экономикалық өсіміне тұсау болып, тәуекелге толы күрделі әлеуметтік мәселелерге ұласуы мүмкін. Әсіресе халықтың жедел қартаюына орай Қытай қоғамы тап болған қиындықтар одан сайын ушыға түспек.

Демографиялық дағдарыс әлеуметтік шиеленіс тудырмай ма?

Висконсин-Мэдисон университетінің зерттеушісі И Фсяньның болжауынша, 2050 жылға қарай Қытайда халық саны 1 млрд-қа дейін азаяды. Ал ғасыр соңына таман елде 800 млн шамасында адам тұрады, тіпті 600 млн-ға жетер-жетпес адам қалуы да ғажап емес. 

Дегенмен, Қытайға халықтың азаюынан гөрі қартаюы көбірек ауыр тиетін түрі бар. Өткен онжылдықтарда экономиканың қарқынды өсімі денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржыны едәуір ұлғайтып, медициналық қызметтің дамуына серпін берді. 2000 жылы Қытайда медициналық шығын көлемі небәрі 550 млрд доллар болса, 2021 жылға қарай 1,2 трлн долларға шарықтап өсті. Бұл халықтың болжамды өмір сүру ұзақтығын айтарлықтай ұзартты, 2024 жылы бұл көрсеткіш 79 жасқа жетті.

Болжамды өмір сүру ұзақтығының ұзаруы мен фертильдік коэффициенттің ұдайы төмендеуі арасындағы сәйкессіздік халықтың қартаюын үдете түсті. Қытайда жан басына шаққандағы ЖІӨ 2024 жылы 13,4 мың долларға жетіп, табысы жоғары елдердің қатарына қосылуға таяқ тастам қалып тұр. Бірақ, елдегі жасы 65-тен асқан егде адамдардың халық санындағы үлес табысы ортадан жоғары экономикалардың орташа деңгейінен әлдеқайда жоғары. Болжал бойынша, 2050 жылға қарай Қытайда зейнеткерлік жүктеме коэффициенті (жасы 65-тен асқан адамдар санының 15–64 жас аралығындағы еңбекке қабілетті жұмыс күшінің санына қатынасы) 52%-ға жетпек.

Демек, елдегі еңбекке қабілетті әр екі адамның мойнына жасы 65-тен асқан бір адамның зейнеті жүктеледі деген сөз. Ал 2080 жылдарға қарай бұл көрсеткіш 90%-ға дейін шарықтауы ықтимал.

Елдің зейнетақы жүйесі қазірдің өзінде ауыр сынаққа тап болып отыр. DW-нің жазуынша, Қытайда әскери шығыс пен инфрақұрылымдық шығындар жыл сайын өскенмен, негізі әлсіз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі құлауға шақ қалып тұр. Зейнетақы жарнасын төлеуден ерікті түрде бас тартқан қытайлықтардың қатары барған сайын көбейіп келеді. 

Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясының 2019 жылғы есебіне сәйкес, елдің зейнетақы қоры 2035 жылға қарай толық сарқылуы мүмкін.

Өндіріс саласы экспортқа тәуелді және әлі де арзан жұмыс күшіне мұқтаж Қытай үшін халықтың қартаюы, басқаша айтқанда еңбекке қабілетті адамның азаюы елдің әлеуметтік-экономикалық өміріне ауыр сын тудырмақ. Әсіресе Трамп билікке келгелі үдей түскен «сауда жанжалының» салдарынан экспорты тығырыққа тіреліп, есесіне ішкі нарықтың маңызы арта түскен күрделі кезеңде, халықтың қартаюы мен жастар арасында жұмыссыздықтың үдеуіне байланысты ішкі сұраныстың тұралауы Қытайда дефляцияны одан сайын ушықтыратын түрі бар.

Китай
Фото: hxyume

Биліктің ынталандыру шаралары нәтиже бере ме?

2024 жылы елдің тиісті мемлекеттік органдары туу көрсеткішін көтеруді көздейтін бірқатар шараны қолға алды. Желтоқсан айында кей жоғары оқу орындарында неке және «махаббат тәрбиесі» оқу бағдарламасына енгізіле бастады.

2024 жылдың қараша айында Қытайдың Мемлекеттік кеңесі жергілікті әкімшіліктерге ресурстарды демографиялық дағдарысты шешуге көбірек бағыттау және ел азаматтарына уақтылы үйлену мен бала сүюдің маңызын насихаттау туралы тапсырма берді.

Сөз арасында қыстыра кетер бір қызық жайт, дәл осы қараша айында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қытайға сапары аясында Бейжіңде қытайлық ғылыми қауымдастық өкілдерімен кездесу өткізеді. Сол кездесуде қытайлық сарапшылардың бірі ортаға ебедейсіз сұрау тастап, оның соңы ұзаққа созылған және елдің демографиялық саясатына өткір сындар айтылып, қоғамдық пікірге қозғау салған ауқымды пікірталасқа ұласады. Әлбетте, осыған орай Қазақстанның әлеуметтік-демографиялық саясатына қарапайым қытайлықтардың таңданыс пен сүйініш білдіргенін айтпай кетуге болмас.

Пікірталастың ел саясатына қаншалықты әсері болғаны қазірше белгісіз, дегенмен наурыз айынан кейін Қытайдың әр өңірінде демографиялық өсімді ынталандыруға бағытталған шаралар қолға алына бастаған. CCTV-дің хабарлауынша, Чжэцзян провинциясы некелесу, бала сүю, тәрбиелеу мен оқыту, кәсіби даму және демографиялық өсімге ыңғайлы әлеуметтік климат қалыптастыру бағыттары бойынша саясаттық шаралар кешенін ұсынған. Ал Көк-хот қалалық әкімдігі бірінші балаға он мың, екінші балаға елу мың, үшінші балаға жүз мың юань көлемінде бір реттік жәрдемақы берілетінін мәлімдеді. Елдің бірқатар аймағында жүктілік және босану бойынша берілетін жәрдемақылар тікелей жеке тұлғалардың қолына табысталатын болған. Синьхуа агенттігінің жазуынша, елдің барлық өңірінде декреттік демалыс 158 күнге ұзартылған.

Алайда сарапшылардың дені Қытайдың демографиялық дағдарысты еңсере алатынына күдік келтіреді. DW-нің дерегі бойынша, Мичиган университетінің әлеуметтанушысы Чжоу Юнь Қытайда жастардың экономикалық болашағы күңгірт тарта түсуіне байланысты халық санының азаю үрдісі жалғаса беретінін болжайды. Сонымен қатар, оның пікірінше, әйелдердің жұмыс орнында «тамыры терең гендерлік кемсітушілікке» ұшырауы жағдайды ушықтыра түсуі мүмкін.

Баста айтқанымыздай, ресми статистика 2024 жылы өмір есігін ашқан сәбилердің саны сәйкес мезгілдегіден аздап өскенін көрсетті. Дегенмен, Сингапур ұлттық университеті Шығыс Азия институтының аға ғылыми қызметкері Чжао Литао бұл өсімнің баянды болмайтынын айтады. Себебі алдағы онжылдықтарда бала табатын жастағы әйелдердің саны айтарлықтай азаяды деген болжам бар.

Қытайлық тәуелсіз демограф-ғалым Хэ Яфу 2024 жылы туу көрсеткішінің болмашы көтерілуін пандемия салдарынан көптеген жас жұбайдың бала сүю жоспарын кейінге қалдыруымен байланыстырады. Бұған қоса, 2023-2024 жылдары елде тіркелген некенің саны өскен. Оның үстіне, қытайлықтар үшін қадірі бөлек ұлу жылында туу көрсеткішінің өзге мүшелдерден жоғары болуы үйреншікті құбылыс.

Оның пікірінше, елде халық саны тұрақты түрде азая бермек. Егер ел үкіметі жастарды бала табуға ынталандыратын нақты әрі пәрменді шаралар қабылдамаса, халықтың қартаюын тоқтату мүмкін емес.

Қысқасы, қарызға белшесінен батқан жергілікті әкімдіктер үшін жұмыс күшінің азаюы, тұтынушылық қабілеттің бәсеңдеуі, қарттардың денсаулығын сақтауға бөлінетін шығыс пен зейнетақы төлемдерінің артуы «жығылған үстіне жұдырық» болмауы үшін, Қытай билігі туу көрсеткішіне серпін беретін, ел экономикасын қалыптасқан ахуалға бейімдейтін шаралар кешенін дайындауға мұқтаж.

Соңғы жаңалықтар