Қытай егде жастағыларға заң көмегін кеңейтеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Азаматтық істер министрлігі және Жоғарғы халық сотымен қоса 7 үкіметтік орган қарт адамдарға көрсетілетін заң қызметтерінің сапасын арттыру және олардың құқықтарын қорғау бойынша нұсқаулық ұсынымдарды жариялады, деп хабарлайды Синьхуа.

қарттар
Фото: Anadolu ajansı

Елде 60 жастан асқан адамдардың саны 310 миллионнан асады. Қытай халқының қартаюына байланысты — бұл қадам егде жастағы азаматтарға қатысты туындайтын даулы мәселелерді шешуге және олар үшін қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыруға бағытталған.

Құжаттағы басты басымдықтардың бірі — қарттардың сот органдарына кедергісіз қол жеткізуіне жағдай жасау және көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсарту. Сондай-ақ құжатта алдын ала сот ісін жүргізу, үйге барып заң қызметін көрсету сияқты арнайы қызметтерді енгізу көзделген.

Ұсынымдарда қарттарға қарсы бағытталған қылмыстар үшін жазаны күшейту қажеттігі де көрсетілген. Олардың қатарына алаяқтық, ұрлық, бопсалау, сондай-ақ күтім қызметі желеуімен мүліктік құқықтарына қол сұғу да жатады. Құжатта мұрагерлік даулары, қарттарға күтім жасау, қаржыны басқару және денсаулыққа қатысты тауарлар секілді салаларда тәуекелдердің алдын алу қажеттігіне ерекше мән берілген.

Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарды қорғау мақсатында, ұсынымдарда қарт адамдардың табысына байланысты заң көмегін алуға қойылатын шектеулерді алып тастау ұсынылады. Бұл тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, немқұрайлы қарауға немесе қараусыз қалуға ұшыраған қарттарға қатысты.

Сондай-ақ құжатта жалғыз тұратын, еңбекке қабілетсіз немесе деменцияға шалдыққан қарт адамдарға көрсетілетін заң көмегінің ауқымын кеңейту ұсынылады.

Осыған дейін қытайлықтардың 70 пайызы салмақ тастауды армандайды, ал 60 пайыздан астамы бұл мақсатқа жету үшін уақыт пен күш жұмсауға дайын екені анықталды.

Соңғы жаңалықтар