Қытай энергетика саласына ЖИ енгізуді көздеп отыр
АСТАНА.KAZINFORM - Қытай энергетика саласына жасанды интеллект (ЖИ) технологияларын енгізуді жеделдету жоспарын ұсынды, деп хабарлайды Синьхуа.
Ресми құжатқа сәйкес, 2027 жылға қарай елде ЖИ -ді энергетикалық секторға интеграциялаудың инновациялық жүйесін құру және алғашқы маңызды технологиялық серпілістерге қол жеткізу керек.
2030 жылға қарай Бейжің өнеркәсіпті әлемдік деңгейге шығарып, есептеу қуаты мен энергиямен қамтамасыз ету ісін тиімді үйлестіруді көздеп отыр. ЖИ технологияларын электр желілерін басқаруда, жаңартылатын энергия көздерін және атом энергетикасын дамытуда қолдану жоспары да бар.
Жоспар деректер алмасуды оңтайландыру, есептеу ресурстарын электр желісімен біріктіру және салаға арналған бағдарламалық шешімдерде ЖИ қолдануды кеңейту шараларын қамтиды.
Осы мақсаттарға жету үшін билік қаржылық қолдауды арттырып, энергетика мен жасанды интеллект саласындағы білімді біріктіретін пәнаралық мамандарды даярлауды күшейтуді көздеп отыр.
Бұған дейін Бейжің мектептерінде жасанды интеллект пәні енгізілетіні хабарланған болатын.