Қытай ескі көліктер мен тұрмыстық техниканы жаңасына айырбастау бағдарламасын қолға алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі ескі көліктер мен тұрмыстық техниканы жаңасына айырбастау бағдарламасын қолға алды. Бұл туралы Қытайдың Сауда министрі Ван Вэньтао «екі сессия» барысында өткен брифингіде мәлім етті. 

ескі көліктер
Фото: Руслан Сулейменов / Kazinform

— Биыл тұтынуды ынталандырудың тағы екі негізгі міндеті бар, олардың бірі — автомобильдерді, тұрмыстық техниканы, үй мен ас үй жиһаздарын және басқа да тұтыну тауарларын жаңаларына айырбастау, ал екіншісі — қызметтерді тұтынуды ынталандыру, - деді Ван Вэньтао.

Оның айтуынша, Қытайдың автомобиль, тұрмыстық техника және үй жиһаздары нарығы өте үлкен, бірақ өнімдердің айтарлықтай бөлігі қазірдің өзінде ескірге. Бұл жоғары энергия тұтынуға және айтарлықтай шығарындыларға әкеледі. Сонымен қатар бұл өнімдердің кейбіреулері ұзақ уақыт пайдалану салдарынан қауіпсіздікке қауіп төндіреді. 

2013-2023 жылдар аралығында тұрғындардың жан басына шаққандағы қызметтерді тұтыну шығыны 39,7-ден 45,2%-ға дейін өсті.

2023 жылы Қытайдағы жаңа көліктердің сатылымы алғаш рет 30 миллион бірліктен асты, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12%-ға артық. Елдегі ескі көлік саудасының көлемі 18,41 миллион данаға (+15%) жетті.

Қытайдағы көлік иелерінің саны 340 миллионға жетті, бұл көрсеткіш бойынша Қытай әлемде бірінші орында тұр.

Тоңазытқыш, кір жуғыш машиналар және кондиционер сияқты тұрмыстық техниканың негізгі санаттарының саны 3 миллиард бірліктен асады. Сауда министрлігінің мәліметінше, кейбір тұрмыстық техника 10-20 жылдан астам қолданыста болған.

Бұған дейін Қытай Халық Республикасының Сауда министрлігі 2024 жылды «Тұтынуды ынталандыру жылы» деп жариялауды ұсынған болатын.

Соңғы жаңалықтар