Қытай, Франция, АҚШ, Жапония: отандық су саласы мамандары шетелде біліктілігін арттырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл министрлік 1 мың су шаруашылығы саласы маманының біліктілігін жетілдіруді көздеп отыр. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі ғылым және инновациялар департаментінің директоры Ләззат Жүсіпова мәлім етті.

— Су саласы мамандарының біліктілігін арттыруға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Былтыр «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 500 маманы арнайы орталықта курстан өтті. Биыл министрлік аталған көрсеткішті 1000 маманға жеткізуді көздеп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс халықаралық ынтымақтастық аясында жүзеге асырылып жатыр, — деді Ләззат Жүсіпова орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Министрлік өкілінің мәлімдеуінше, қазір қазақстандық су саласы мамандары Қытайда біліктілікті арттыру курсынан өтіп жатыр.
— Бүгінге дейін 60 маман курстан өтті, қазір 31 маман оқып жатыр. Жыл соңына дейін тағы 30 маман біліктілігін арттырады. Барлық шығынды Қытай тарапы өтеп жатыр. Сонымен қатар отандық мамандар Өзбекстан, Франция, АҚШ, Оңтүстік Корея мен Жапонияда білімін шыңдап келіп жатыр. Бұл ретте келер жылы Қытай тарапымен қолданыстағы бағдарламаны жалғастыру бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр, — деп толықтырды спикер.
Айта кетейік, министрліктің мәліметінше, ауылда жұмыс істейтін су саласы мамандарына 7,8 млн теңгеге дейін жәрдемақы беріледі.
Сондай-ақ брифинг барысында неліктен Қазақстан көрші елдермен су мәселесін шеше алмай отыр деген мәселе көтерілді.