Қытай ғалымдары әлемдегі алғашқы 6G-чипті таныстырды
АСТАНА. KAZINFORM – Қытай ғалымдары әлемдегі алғашқы әмбебап 6G-чипті жасап шығарды. Жаңа құрылғы 50 гигабайт көлеміндегі фильмді 8K сапада бірнеше секунд ішінде жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды South China Morning Post.

Зерттеушілердің айтуынша, жаңа технология деректерді қазіргі интернет жылдамдығымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары деңгейде тарата алады. Мәселен, АҚШ-тың ауылдық аймақтарындағы интернетпен салыстырғанда 6G-чип деректерді шамамен 5000 есе жылдам жібереді.
Жобаны Бейжің университетінің ғалымдары таныстырды.
Олардың пікірінше, заманауи қоғамда жоғары жылдамдықтағы сымсыз байланысқа сұраныс артып келеді. 6G-чиптің енгізілуі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында үлкен серпіліс жасауға қабілетті.
Сонымен қатар сарапшылар бұл жаңалықтың белгілі бір қауіп-қатерлерін де атап өтті.
Басылымның жазуынша, электромагниттік құралдардың шамадан тыс жүктелуі және байланыс сенімділігінің төмендеуі ықтимал.
Еске сала кетсек, Қытай жаңа топ интернет-спутниктерін ұшырды.