Қытай Intel компаниясына тергеу жүргізуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Сингапурлық «Lianhe Zaobao» басылымы Қытайдың әлемдік чип өндірісі саласындағы жетекші кәсіпорын — Intel компаниясына тергеу жүргізуді қарастырып отырғанын хабарлады.

Intel уволит своих сотрудников
Фото: opb.org

Басылымның жазуынша, Қытай билігі АҚШ-тың Google және NVIDIA компанияларына монополияға қарсы тергеуді қайта бастау туралы шешім қабылдағаннан кейін, Intel-ге қатысты жаңа тергеу жүргізу мүмкіндігін қарастырып жатса керек.

Мән-жайды білетін тұлғалардың бірі қазіргі уақытта Intel-ге қатысты тергеудің сипаты әлі анықталмағанын және оның ресми түрде басталуы Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынастың қалай дамитынына байланысты болатынын айтқан. Басылымның атап көрсетуінше, Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ президенті Дональд Трамп жақын күндері телефон арқылы сөйлесуі мүмкін.

Қытай Intel үшін ең ірі нарық. 2024 жылы компанияның Қытайдағы сатылымы 15,5 миллиард долларға жетіп, жаһандық табысының 29%-ын құрады.

Қытайдың Нарықты реттеу жөніндегі мемлекеттік бас басқармасы өткен жылдың желтоқсан айында NVIDIA компаниясына қатысты монополияға қарсы тергеу басталғанын жариялаған болатын. 4 ақпан күні Google-ге қатысты да дәл осындай тергеу басталғаны мәлім болды.

Қытайлық Цинхуа университетінің Ұлттық стратегиялар институтының сарапшысы Лю Сюй бұл тергеулер Трамп үкіметінің жаңа тарифтік шараларына қарсы қытай билігінің қысас қайтару мақсатындағы шараларының бір бөлігі болуы мүмкін деп бағалайды.

Алайда, сарапшының пікірінше, монополияға қарсы тергеуді сауда келіссөздерінде құрал ретінде пайдалану АҚШ-тың тарифтік саясатынан зардап шеккен қытайлық компанияларды қорғаудың ең тиімді жолы болмауы мүмкін. Оның айтуынша, бұл шиеленісті одан сайын ушықтыра түседі.

Айта кетейік, Қытайдың іскерлік топтары АҚШ-тың кедендік баж салығын көтеруіне қарсы.

Соңғы жаңалықтар