Қытай Иорданияға палестиналық босқындарға арналған медициналық көмек жіберді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Иорданияның Корольдік медициналық қызметіне Газа секторынан осы елге қашып келген науқастар мен жараланған палестиналықтарға көмек көрсету үшін медициналық материалдар партиясын тапсырды, деп хабарлайды Синьхуа.
Иорданиялық дереккөздердің мәліметінше, Қытай медициналық жабдықтар мен шығыс материалдарын жеткізген. Олар Иорданияның бірнеше ауруханасы мен медициналық мекемесіне бөлінеді.
Көмек тапсыру рәсімінде Қытайдың Иорданиядағы елшілігінің уақытша сенімді өкілі Гун Аньминь Иорданияның палестиналықтарға қолдау көрсетудегі ұзақ жылғы гуманитарлық рөлін жоғары бағалады. Оның ішінде Газа секторында далалық госпитальдар ашу бастамасын атап өтті.
Дипломаттың айтуынша, бұл жолғы көмек Қытайдың палестиналық анклавты қолдауға бағытталған күш-жігерінің жалғасы болды. Атап айтқанда, өткен жылы азық-түлік салынған 60 мың сәлемдеме жөнелтілген.
Гун Аньминь Қытай гуманитарлық қағидаттарды ұстануды, бейбіт тұрғындарды қорғауды және дағдарыстың салдарын жеңілдетуге бағытталған күш-жігерді қолдауды жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар Қытай Палестина мәселесін жан-жақты, әділ әрі ұзақ мерзімді реттеуді қолдайды.
Иордания Корольдік медициналық қызметі бас директорының орынбасары Хатем әл-Аббади Қытайға көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді. Оның сөзінше, берілген көмек Газа тұрғындарының қайғы-қасіретін жеңілдетуге септігін тигізіп, Иордания мен Қытай арасындағы берік қарым-қатынасты көрсетеді.
Ол сондай-ақ екі елдің медицина және гуманитарлық көмек салаларындағы ынтымақтастығы одан әрі жалғасатынына үміт білдірді.
Бұған дейін хабарланғандай, қыркүйек айында Қытай Непалға гуманитарлық көмектің төртінші партиясын жіберді.