Қытай Израильдегі азаматтарын елден кетуге шақырды

БЕЙЖІҢ. KAZINFORM — Қытай үкіметі Израиль мен Иран арасындағы шиеленістің күшеюіне байланысты өз азаматтарына Израиль аумағынан кетуді ұсынды, деп жазды Анадолы.

Қытай Израильдегі азаматтарына елден кетуге шақырды
Фото: Анадолы

Тиісті ескерту Қытайдың Тель-Авивтегі елшілігі тарапынан WeChat ресми парақшасында жарияланды.

— Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс ушығып барады. Азаматтық инфрақұрылымға зиян келіп жатыр, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар саны артып келеді, жалпы қауіпсіздік жағдайы нашар, — делінген хабарламада.

Израиль әуе кеңістігінің жабылуына байланысты Қытай елшілігі өз азаматтарына елден Иорданиямен шекаралас жер үсті өткелдері арқылы шығуға кеңес берді.

Израиль мен Иран арасындағы шиеленіс

13 маусымда Израиль Иранның ядролық нысандарына және елдің түрлі қалаларындағы жоғары әскери басшылықтың орналасқан жеріне ауқымды әуе соққыларын бастады.

Нәтижесінде Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы, Ислам революциясы сақшылары корпусының қолбасшысы, бірнеше жоғары лауазымды офицер және ядролық зерттеулер саласындағы тоғыз ирандық маман қаза тапты. Бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар саны 224 адамға жетті.

Жауап ретінде Иран баллистикалық зымырандар арқылы Израиль аумағына соққы жасады. Ресми мәліметтер бойынша, бұл шабуылдан 24 адам қаза тауып, 500-ден астам адам жарақат алған.

Түркия бастаған бірнеше ел Израильдің әрекеттерін қатаң айыптады.

Соңғы жаңалықтар