Қытай қалыңмалмен қалай күресіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыңмалдың алар орны айрықша. Қызға құда түскеннен кейін, жігіт жағы қалайда қалыңмал төлеуге міндетті болған. Оның мөлшері тараптардың дәрежесі мен дәулетіне байланысты келісіммен анықталады. Қазақ ұғымында қалыңмал – құдаласқан екі әулет арасындағы құрмет пен сыйластықтың белгісі. Шығыстағы көршіміз – қытай жұртында да біздегі қалыңмал ұғымына сай келетін «Цайли» (мақаламызда терминнің баламасы ретінде қалың немесе қалыңмал сөздері қолданылады) дейтін түсінік бар. Дегенмен, соңғы жылдары қалыңмал Қытай қоғамында қызу пікірталас тудырған өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
Әрине, қалыңмал, ең алдымен, мыңдаған жылдық дәстүрдің жемісі. Алайда, соңғы онжылдықтарда Қытайдың кейбір ауыл-аймақтарында қалыңмалдың шектен тыс ұлғаюы салдарынан азаматтардың қаржылық қиындыққа тап болғаны, тіпті белшесінен қарызға батқаны жайлы қытайлық БАҚ жиі жазып жүр.
Қытай билігі де соңғы жылдары қалыңмал мәселесін ескі салт-дәстүрді өзгерту тұрғысынан ғана емес, ауылды дамыту, әлеуметтік басқаруды жетілдіру, отбасын жоспарлау және құқықтық реттеу аясында қарастыра бастады.
Ендеше, қытайлық қалыңмал дәстүрінің тарихы қандай? Неліктен соңғы жылдары оның көлемі күрт өсті? Бұл құбылыстың астарында қандай әлеуметтік себеп-салдар бар? Жастар бұл дәстүрге қалай қарайды? Қытай билігі қалыңмалмен қалай күресіп жатыр? Kazinform тілшісі ресми құжаттар мен сот тәжірибесі, ғылыми зерттеулер мен жергілікті реформалар туралы ашық дереккөздерді жан-жақты зерделеп, осы сұрақтарға жауап іздеді.
Қалыңмал қаржымен өлшенген бе?
Қытайда қалыңмал дәстүрінің төркіні ежелгі неке рәсімдерінен бастау алады. Осыдан екі мың жыл ілгері жазылған «Лицзи» (Рәсімдер жинағы) кітабына сай, дәстүрлі қытай қоғамында неке қиюдың «құда түсу, жөнін сұрау, бал аштыру, сыйлық апару, тойдың күнін бекіту және қалыңдықты алуға бару» дейтін «алты рәсімі» болған.
Осында айтылған қалыңдықтың әке-шешесі мен туыс-туғандарына сыйлық немесе кәде тапсыру рәсімі қазіргі қалыңмал дәстүрінің тарихи негізі ретінде қарастырылады. Дегенмен, ежелгі дәстүрде сыйлық беру әсте қаржылық мәміле емес, қыз беріп, қыз алған екі әулеттің сыйластығын және ниеттерінің шынайылығын білдіретін ізгілікті амал саналған, сыйлыққа көбінесе бұғы терісі, жібек кездеме, қаз-үйрек, тірі мал ұсынылған, кейбір жағдайда ғана ақшалай өтелген.
Қытайда ресми билік қалыңмал дәстүрінің ежелгі рәсімдермен байланысты екенін жоққа шығармайды. Мәселен, Қытайдың Жоғарғы халық соты 2023 жылы жариялаған құқықтық түсіндірмеде қалыңмал – екі тараптың өзара сенімі мен ізгі тілегін білдіретін дәстүрлі рәсім деп атап көрсетілген.
Әрине, мыңжылдықтар бойы үзілмеген қалыңмал дәстүрі елдің әлеуметтік-шаруашылық өмірінің дамуы мен өркендеуіне байланысты түрленіп, құбылып отырды. Тарихи әдебиеттер қалың мөлшерінің түрлі тарихи кезеңде әрқилы болғанын көрсетеді. Жалпы алғанда, дәстүрлі қоғамда қалыңмал көбінесе жігіт жақтың қыз жаққа берген уәдесінің көрінісі немесе некенің кепілдігі ретінде қабылданды; қалыңның мөлшері рулық-әулеттік дәстүр мен қоғамдық пікір арқылы қатаң реттеліп отырды, шектен тыс қалың сұрағандар «қызын сатты» деп айыпталып, сынға қалған.
Қытайдың ұзақ тарихында қалыңмалдың қаржылық мөлшерінен гөрі рәсімдік маңызына көбірек мән берілді. Алайда XX ғасырдың соңына қарай қалыңмал бірте-бірте ақшамен өлшене бастады. Оның себебі де жоқ емес, 1990 жылдан кейін Қытай экономикасы қарқынды дамыды, үйлену тойына байланысты көркем фотосуретке түсу, неке жүзігін сыйлау, қымбат той көйлектерін кию, аста-төк қонағасы беру осы жылдары сәнге айналды, қалыңмал да өзінің ежелгі ғұрыптық-рухани мәні мен бай мазмұнын жоғалтып, барған сайын материалдық сипат ала түсті.
Қытайдың жері кең, халқы көп және жергілікті әлеуметтік-мәдени дәстүрі әралуан болғандықтан, бүгінгі күнде қалыңның мөлшері, төлеу тәртібі және тиісті ырым-жырымдар әр аймақта әртүрлі қалыптасқан, тіпті іргелес екі ауылдың арасында да жер мен көктей айырмашылық болуы мүмкін. Сондықтан Қытайда «қалыңмалдың бірыңғай мөлшері» жоқ екенін ескерген жөн.
Қалыңмал қашан қаржылық ауыртпалыққа айналды?
Қытайда, әсіресе ауылдық жерлерде қалыңмал мәселесі өте-мөте соңғы жиырма жылда анық сезіле бастады.
Ухань университеті Әлеуметтану мектебінің зерттеулеріне сәйкес, Қытай ауылдарында қалыңмалдың мөлшері 2000 жылдардың басында шамамен 10–20 мың юань деңгейінде болған. Кейіннен, әсіресе 2008–2010 жылдардан соң, қалыңның мөлшері күрт өсіп, 2021 жылға қарай орташа меже шамамен 140 мың юаньға жеткен.
Сонымен қатар кей өңірлерде ақшалай қалыңмалмен қатар күйеу жігіттен пәтер және автокөлік сатып алу, қалыңдыққа сап алтыннан соғылған алқа, білезік және сырға сыйлау, той шығынын көтеру, туыс-туғандарға түрлі кәделер ұсыну талап етіледі. Синьхуа агенттігіне қарасты «Banyuetan» басылымының дерегіне сәйкес, ауылда тұратын қарапайым отбасының келін түсіруге жұмсайтын жалпы шығыны 600 мың юаньнан 1 миллион юаньға дейінгі аралықта болады екен.
Ескермесе болмайтын маңызды мәселе — қалыңмалдың мөлшері ғана емес, Қытайда отбасын құраудың жалпы экономикалық шығыны айтарлықтай өсіп кеткен.
Қытай үкіметінің мәліметінше, 2025 жылы ауыл тұрғындарының жан басына шаққандағы иемденетін табысы 24 456 юань болған. Демек, қоңыр қалта ауыл тұрғыны бір ұлды аяқтандыру үшін ішпей-жемей 26-43 жыл еңбек етуі керек деп жазған қытайлық автордың пікірі негізсіз емес.
Қалыңмал қалайша аспандап кетті?
Сарапшылар қалыңмалдың шарықтап өсуін әралуан әлеуметтік-экономикалық үрдістердің нәтижесі ретінде қарастыру қажеттілігін айтады.
Біріншіден, гендерлік теңгерімсіздік негізгі факторлардың бірі ретінде қарастырылады. Қытайда гендерлік баланс сақталмауын ұзақ уақыт үстемдік құрған «аз бала» саясатының тікелей салдары ретінде қарастыруға болады. Ұлды зор, қызды қор көретін ескі түсініктің кесірінен өткен қырық жылда Қытайда ерлердің саны өсе түсті. Оған ауыл жастарының, әсіресе неке жасындағы бойжеткендердің жаппай қалаға ағылуы қосылды. Сөйтіп, кей аймақтарда «неке нарығының» құрылымы айтарлықтай өзгерді. Әсіресе ауылдардың «неке нарығындағы» сүр бойдақтар санының артықтығымен сипатталатын гендерлік теңгерімсіздік келіссөз кезінде әмісе қыз жаққа басымдық береді, бұл сәйкесінше қалыңмал құнының өсуіне түрткі болмақ. Зерттеушілер қалыптасқан жағдай ерлер арасындағы бәсекелестікті үдете түсетінін, одан туындайтын экономикалық ауыртпалықтың ұрпақаралық қаржылық жүктеме немесе арқаға аяздай бататын қарыз есебінде түптің-түбінде бүкіл әулеттің мойнына ауыр жүк болып артылатынын атап көрсетеді.
2020 жылғы халық санағының деректері көрсеткендей, Қытайдың ауылдық жерлерінде 20–24 жастағы ерлер мен әйелдердің балансы 123,09:100, ал 25–29 жаста 120,98:100 болған. Ел бойынша 31 провинцияның ауылдарында ерлердің үлесі әйелдерден басым түскен. 1990 жылдан кейін өмірге келген буынның айтарлықтай толқыны ауыл жастары тап болып отырған «неке теңгерімсіздігі» мәселесін одан сайын ушықтыра түскен. «Қытайдағы неке мен отбасы туралы есепке» (2023 жылғы басылым) сүйенсек, неке жасындағы халықтың үлесінде гендерлік теңгерімсіздік тіпті анық білінеді: ерлердің саны әйелдерден әлдеқайда басым. Оның үстіне, бір қызығы, сүр бойдақ жігіттердің дені ауылдарда тұрса, керісінше «отырып қалған» қыздардың көпшілігі қалада жұмыс істейді екен. «Бұл соңғы жылдары Қытайда некелесу деңгейінің тұрақты түрде құлдырауының басты себептерінің бірі» дейді сарапшылар.
Екіншіден, «кім көбірек бере алады?» деген бәсекелестік пиғыл да қалыңмалды өршіте түскен.
Тамыр-таныстыққа негізделген қытай қоғамында қалыңмал отбасының қаржылық жағдайы мен «шынайы ниетін» танытатын маңызды белгі ретінде қарастырыла бастаған. Кей аймақтарда қалыңмал болашақ келінге көрсетілетін «құрметтің» көрінісіне айналып үлгерген.
«Пәленбай қалыңмалға түген сома беріпті, біздің олардан неміз кем» дейтін бақталастық «неке нарығындағы» бәсекені отқа май құйғандай өршіте түсті деп жазады қытайлық БАҚ.
Қытайлық зерттеулер бұл құбылыстың мәнін ауыл қоғамындағы мәртебе тартысы, әулетаралық бақталастық және неке нарығындағы бәсекелестік тетіктерімен түсіндіреді. Әлеуметтанушы Ли Юнпиннің Солтүстік Қытай ауылдарына жүргізген зерттеуі қалыңмалдың өсуіне қыз жақтың орынды-орынсыз талаптары ғана емес, күйеу жақтың «неке бәсекесінде» не қылса да төлеуге дайын тұруы және қос тарап ортасындағы әлеуметтік бәсекелестіктің үдей түсуі де әсер ететінін көрсетті.
Үшіншіден, баспана, көлік және той шығыны да оңайға түспейді. Қытайдың көптеген ауылдарында жігіттің отбасын құрау мүмкіндігі қалыңмал төлеуге қабілеттігімен ғана өлшенбейді. Үй немесе пәтер, көлік, алтын әшекейлер, той салтанаты және басқа да шығындар шаш етектен.
Сондықтан мәселе қалыңмалдың мөлшерімен шектелмейді. Басты назар «жас отбасының өз тірлігін бастауына қанша қаражат қажет?» деген салмақты сауалға бағытталуы тиіс.
Осындайда қала мен ауыл арасындағы айырмашылық жайлы да айта кеткен жөн. Қытайдың экономикасы дамыған шығыс аймақтарында неке ауыртпалығы көбірек тұрғын үйге байланысты болса, орталық және батыс Қытайдың ауылдарында ақшалай қалыңмалдың үлесі жоғары болуы мүмкін. Зерттеулер мұндай айырмашылықты өңірлік экономикамен, урбанизация деңгейімен және жергілікті неке нарығының өзіндік ерекшеліктерімен байланыстырады.
Қалыңмал «бақыттың кепілі» бола ала ма?
Бұл сұраққа біржақты жауап беру өте қиын.
Қытайда кейде қалыңмал «жат жұртқа жаралған» қалыңдықтың болашақ өміріне материалдық кепілдік ретінде бағаланып жатады. Кей ата-аналар оны «әлпештеп өсірген алтын қыздарының» некеден кейінгі әлеуметтік және экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ресурс ретінде қарастырады.
Бірақ зерттеушілердің пікірінше, кей өңірлерде бұл түсінік уақыт өте келе өзгеріске түсіп, қалыңмал қыздың ата-анасының экономикалық қажеттілігін өтейтін құралға айналып кеткен.
Осылайша, бастапқыда құдандалы әулеттер арасындағы сыйластықтың белгісі саналған қалыңмал кей жағдайда әкеден балаға қалатын қаржылық міндеттемеге айналуы мүмкін.
Зерттеулерге сәйкес, қалыңмалға жұмсалған ақша көбінесе жігіттің ата-анасының тірнектеп жиған-тергені немесе елден-жұрттан алған қарызы есебінен төленеді, бұндайда қалыңмалдың кесірінен кедейліктің қамытын киген отбасына түскен келіннің болашақ өмірі кепілдікке ие болады дегенге сену қиын.
Қалыңмал некені сақтай ма?
Қытайлық БАҚ келтірген деректерге сәйкес, кей аймақтарда қалыңмалдың бағасы шарықтап, «аспанға көтерілген»: қалыңмалға ақшалай 200-300 мың юань сұрау қалыпты үрдіске айналған. Қытайлық әлеуметтік желілерде қалыңмал мөлшері мен ажырасу көрсеткіші арасындағы сәйкестікті білдіретін статистикалық деректер өріп жүр. Оған бақсақ, 50 мың юань көлемінде қалыңмал төленген некеде жұбайлардың ажырасу көрсеткіші 9.8 пайыз болса, қалыңмал мөлшері 500 мың юаньнан асқанда, ажырасу көрсеткіші тиісінше 99.8 пайызға жетеді-мыс. Әрине, бұл дерек ресми статистикадан гөрі ащы әзілге көбірек ұқсайды, соған қарамастан біз оны Қытай қоғамында «қалыңмал қанша көп болса, неке сонша баянсыз болады» деген алаңдаушылық өмір сүріп отырғанының көрінісі ретінде қабылдауға болатын секілді.
Сиань Цзяотун университетінің профессоры Цзинь Сяои басқарған команданың ұзақ мерзімді зерттеуіне сәйкес, өте көп қалыңмал талап етілген некеде ажырасу мен тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші айтып-айтпай едәуір жоғары болады екен. Дегенмен, зерттеуші бұл құбылысты қарапайым себеп-салдар формуласы ретінде емес, ерлі-зайыптылар мен олардың отбасына түсетін әлеуметтік-экономикалық қысымның бір бөлігі ретінде қарастырады.
Қытай Жоғарғы халық соты да шектен шыққан қалыңмалдың құдандалы кісілер ортасында жанжал мен қақтығыс тудыруы мүмкін екенін, кей жағдайларда неке тұрақтылығына кері әсер ететінін атап көрсетеді.
Қытай билігі қалыңмалға қарсы қандай шаралар қабылдады?
Қалыңмал мәселесі Қытайда соңғы жылдары мемлекеттік саясаттың күн тәртібіне енгізіліп, сәйкесінше бірқатар шаралар қабылданды.
ҚКП ОК мен Мемлекеттік кеңестің 2019 жылғы «№1 құжатында» (жыл сайын ақпан айында Орталық үкімет атынан шығарылатын алғашқы ресми құжат, 2004 жылдан бері тұрақты түрде ауыл шаруашылығы, ауылдық жерлер және ауыл тұрғындары мәселесіне арналып келеді) «өршіген қалыңмалды» реттеу қажеттігі алғаш рет тілге алынғалы бері, Қытай билігі «неке нарығындағы» келеңсіздіктермен күресті күн өткен сайын күшейтіп келеді:
- 2021 жылы қалыңды көп сұрау, бақ таласу, той-томалақ пен өлім-жітімде аста-төк ысырапшылық қылу, феодалдық соқыр сеніммен айналысу секілді теріс қылықтармен күресті күшейту талап етілді;
- 2023 жылы ауылдық жерлерде шарықтаған қалыңмалды арнайы ретке келтіру, кешенді басқару шараларын енгізу тапсырылды;
- 2024 жылы ауыл тұрғындарының адами қарым-қатынастар бойынша ауыртпалығын азайту және жергілікті өзін-өзі басқару тетіктерін жетілдіру атап көрсетілді;
- 2025 жылы неке алаяқтығы секілді заңсыз әрекеттерге қарсы күресті күшейту міндеті айқындалды;
- 2026 жылы қалыңмалмен күрес талабы одан сайын нақтыланып, провинциялар шектесетін аймақтарда өзара әрекеттесу тетіктерін енгізу міндеті алға қойылып, жастар арасында некеге, отбасына және ұрпақ тәрбиесіне дұрыс көзқарас қалыптастыру, мәнді де мәдениетті неке салтын орнықтыру қажеттігі атап өтілді.
Демек, саясаттың эволюциясы тұрғысынан көз жібергенде, Қытай билігінің «теріс қылықтың» салдарымен күресумен, әлеуметтік басқарудың кешенді механизмін қалыптастырумен ғана шектелмей, бүгінгі күнде аймақаралық бірлескен тетіктер орнатуға көбірек ден қоя бастағаны байқалады.
Заң не дейді?
«Қытай Халық Республикасының Азаматтық кодексінде» некеге байланысты ақша немесе мүлік талап етуге шектеу қойылған.
Қытайдың Жоғарғы халық соты 2024 жылы шығарған «Қалыңмал дауларына қатысты істерді қарау бойынша бірқатар мәселелер туралы ережеде» некеге байланысты ақша немесе мүлік талап етуге болмайтыны бекітіліп, қалыңмал қайтарылуға тиіс жағдайлар және қалыңмалдың қайтарылатын мөлшерін белгілеу тәртібі нақтыланды.
Мысалы, жас жұбайлар некесін тіркетіп, бірге өмір сүре бастағаннан кейін, төленген қалыңмалды қайтару туралы талап, айрықша қажеттілік болмаған жағдайда, қанағаттандырылмайды. Бірақ жұбайлық өмір өте қысқа, қалыңмал мөлшері шектен тыс көп болса, сот нақты жағдайларды — отбасының әл-ауқатын, жергілікті салт-дәстүрді, бірге тұрмыс кешкен уақыттың ұзын-қысқалығын, арада перзент бар-жоқтығын ескере отырып, қалыңмалды толықтай немесе жарым-жартылай қайтару туралы өкім шығара алады.
Егер неке тіркелмеген немесе тараптар іс жүзінде бірге өмір сүрмеген болса да, қалыңмалды қайтару мәселесі сот арқылы қаралуы мүмкін.
Демек, Қытай сотының ұстанымы айдан анық: қалыңмал дәстүр ретінде мойындалады, бірақ, бұл некеге байланысты ақша немесе мүлік талап етуге болады дегенді білдірмейді.
«Нөлдік қалыңмал» тәжірибесі қандай өзгеріс әкелді?
Қытайдың кейбір өңірлерінде өршіген қалыңмалмен күрестің тағы бір тәсілі ретінде аз қалыңмалмен немесе қалыңсыз некеге тұрған жұбайларды ынталандыру шарасы енгізіліп жатыр.
Мысалы, Цзянси провинциясының кей өңірлері «Нөлдік қалыңмал» немесе «Аз қалыңмал» бастамасына белсенді түрде атсалысқан отбасыларды қоғамдық іс-шаралар мен топтық тойларға тарту, әлеуметтік қолдау көрсету және ынталандыру тетіктерін қолданысқа енгізген. Мысалы, осы провинцияның Уюань уезі некеге қалыңмалсыз немесе аз қалыңмалмен тіркелуді топтық той рәсімдеріне қатысудың алғышарттарының бірі ретінде бекіткен.
Қабылданған шаралар өз нәтижесін беріп жатқан секілді. Мысалы, Цзянси провинциясының Шичэн уезінде 2026 жылдың алғашқы жартысында ауыл жастары арасында тіркелген барлық некенің 80,6 пайызы «нөлдік қалыңмал» немесе «аз қалыңмал» санатына жататыны туралы мәліметтер жарияланды. Әрине, бұл көрсеткішті Қытай ауылдарына ортақ тенденция деп қарастыруға болмас, дегенмен бұл үрдіс жергілікті реформалардың нақты бір мысалы ретінде назар аударуға тұрарлық.
Жастардың көзқарасы өзгерді ме?
Қытайда 100 миллионнан астам жас қолданушыға онлайн танысу және ойын-сауық бойынша қызмет көрсететін TaQu платформасы мен жоғары оқу орындарының бірлескен жобасы – «Қытай жастары және қалыңмал: 2025 жылғы зерттеу есебіне» сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың 65,42 пайызы «нөлдік қалыңмал» нұсқасын құп көретінін айтқан. Ең қызығы, ерлер арасында бұл көрсеткіш 75,13 пайызды көрсеткен. Бұның себебі, есепте айтылғандай, шаңырақ көтеру үшін несие алатын жігіттердің үлесі қыздардан 2,5 есе көп екен, демек, некеге байланысты қаржылық жүктеме көп жағдайда жігіттің/күйеу жақтың мойнына артылады деген сөз.
Есепке сәйкес, респонденттердің едәуір бөлігі қалыңмал мен жасаудың мөлшері екі жақтың экономикалық ахуалына қарай келісіммен ұйғарылуы керек деп санайды екен.
Қытай тәжірибесі нені білдіреді?
Қалыңмал мәселесі, бір жағынан мыңдаған жылдық мәдени дәстүрдің нәтижесі болса, екінші жағынан, гендерлік теңгерімсіздік, нарықтық қатынастар, қалалану үдерісі, ішкі көші-қон, баспана мәселесі, ата-ананың міндеттері және әлеуметтік бақталастық пен бәсекелестік сияқты толып жатқан факторлар туындатқан күрделі құбылыс.
Бір ескеретін жайт, Қытайда қалыңмал елдің барлық өңіріне тән бірыңғай құбылыс емес.
Мысалы, елдің бір аймағында ондаған мың юань қалыңмал тым жоғары деп бағаланса, басқа өңірде қалыпты сома ретінде қабылдануы мүмкін. Қала жастары мен ауыл жастарының некеге байланысты шығыны да бірдей емес. Сондықтан «Қытайда үйлену үшін қалайда қомақты ақша төлеу керек» деген түсінік шындыққа толық сай келмейтін біржақты көзқарас болар еді.
Сонымен қатар кей өңірлерде қалыңмалдың шектен тыс өсуі шиеленіскен әлеуметтік проблемаға айналып үлгергенін де жоққа шығаруға болмайды. Бұл, түптеп келгенде, ата-ананың жиған-тергенін жылан жалағандай етуге, қарызға батуға, жастардың үйлену немесе балалы болу жоспарын кейінге қалдыруына және құдалық төңірегіндегі дау-дамай мен жанжалдың көбеюіне себеп болуы мүмкін.
Сондықтан Қытай үкіметінің қазіргі саясаты дәстүрді жоюға емес, оның әлеуметтік мазмұнын қайта қалыптастыруға бағытталып отыр.
Мемлекет қисынсыз қалыңмалға заң арқылы тосқауыл қоймақ. Жергілікті билік ауыл ережелері мен қоғамдық ұйымдар арқылы жаңа нормалар енгізуге тырысуда. Ал жастар арасында неке мен отбасы құндылықтарын ақшамен өлшемеу жайлы түсінік тамыр тартып келеді.
Басқаша айтқанда, Қытай тәжірибесі дәстүрді сақтай отырып, оның шектен тыс экономикалық ауыртпалыққа айналуына жол бермеу үшін саяси-рухани бағдар беру, құқықтық жолмен реттеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту және сана-сезімді жаңғырту сияқты шараларды кешенді түрде өзара үйлестіру, қоғам мүшелерінің, әсіресе жастардың көзқарасын дәуірге сай жаңарту бәрінен маңызды екенін көрсеткендей.