Қытай қазағы Тоқтарбек Таңатқан Париж Олимпиадасында Нұрбек Оралбаймен жұдырықтасуы мүмкін

Париж
Фото: Бокс федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM -  Қазақстандық боксшы Нұрбек Оралбай бірінші рет Олимпиадада бақ сынайды. Ол Парижде 80 келі салмақтың кіл мықтыларымен күш сынасады. Олардың қатарында Қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек таңатқан да бар.

Тоқтарбек Таңатқан осыдан бірер күн бұрын видеоүндеу жариялап, отандастарының үмітін ақтап, Парижде Қытайдың қызыл туын желбіретуді мақсат етіп отырғанын мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, Жазғы ойындарға Нұрбек әлем чемпионы статусында аттанады. 2023 жылы Ташкентте өткен әлем біріншілігінің финалында ол Тоқтарбек Таңатқанды жеңіп, әлем чемпионы атағына қол жеткізген болатын. Алайда екі боксшы кейін Ханчжоудағы Азия ойындарында кездесіп, Тоқтарбек есе қайтарып, чемпиондық атақпен бірге Олимпиада жолдамасын жеңіп алған еді. Енді екі қазақ боксшысының жолы Париж Олимпиадасының шаршы алаңында да түйісіп қалуы әбден мүмкін.

Жасырары жоқ, Қытайда тұратын қандасымыз Тоқтарбек Таңатқан отандасымыз Нұрбек Оралбаймен Парижде жолдары түйісіп жатса, еш аянып қалмасы анық. Себебі Тоқтарбек те 80 келі салмақтағы үздіктердің бірі және медаль алатын әлеуеті де зор.

Дегенмен екі қазақ боксшысынан да әлеуеті жоғары тағы бір боксшы бар. Ол – кубалық Арлен Лопес. Кубалық қабылан Олимпиаданың алтынын екі рет жеңіп алды. 2016 жылы Риода 75 келіде топ жарса, Токио ойындарында 81 келіде қарсылас шыдатпаған еді. Әлем чемпионы кәсіби рингте де үш кездесу өткізіп үлгерген. Енді әйгілі кубалық боксшы Олимпиаданың үшінші алтынынан үмітті екені айтпасақ та белгілі. Сонымен қатар украиналық Александр Хижняк та бұл салмақтағы басты фавориттер қатарында. Әлем чемпионы атанған Хижняк үшін Токио ойындары сәтсіз аяқталды.

Жалпы, 80 келідегі бәсекелестер деңгейі жоғары. Олимпиаданың сәнін келтіретін де осы бақталастық болмақ. Олимпиада медалі үшін Нұрбек те, Тоқтарбек те аянып қалмасы анық.

Соңғы жаңалықтар
telegram