Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысы практикалық кезеңге өтті

БІШКЕК. KAZINFORM — Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары — Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі министрі Бақыт Торобаев Қытай мемлекеттік темір жол корпорациясы бас директорының орынбасары Ван Лисин бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі. 

Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысы практикалық кезеңге өтті
Фото: Александр Павский/Kazinform

— Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жолының құрылысы практикалық кезеңге аяқ басты. Тоннельдер, уақытша инфрақұрылымды салу жұмыстары жүргізіліп келеді, негізгі ұйымдастырушылық және әкімшілік мәселелер шешіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Министрлер кабинеті жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетіп жатыр. Тиісті мемлекеттік органдармен үйлестіру кеңестері тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Құрылыстың барлық кезеңдерінде экологиялық және қауіпсіздік нормаларын сақтауға ерекше назар аударылды.

Қырғызстан Республикасы Министрлер кабинеті баспасөз қызметінің мәліметінше, қырғыз тарапы қытайлық әріптестерімен одан әрі сындарлы ынтымақтастыққа сенім білдірді. Жобаға барлық қатысушылардың ұлттық заңнаманы, кәсіби этиканы және қоғамдық тәртіпті сақтауының маңыздылығы атап өтілді.

Бұдан басқа, жүк тасымалының болжамды көлемін қалыптастыру, Теміржол мамандарын даярлау академиясын ашу, Торугарт, Макмал, Жерге-Тал, Жалал-Абад экономикалық аймақтарын құру сияқты негізгі даму бағыттары талқыланды.

Бақыт Торобаев инвестициялық келісімге сәйкес жобаны жүзеге асыруда жұмыс істейтін қырғыз азаматтарының үлесін арттыруды ұсынды. Ол сондай-ақ жергілікті жеткізушілерден тауарлар мен қызметтерді сатып алудың басымдығын атап өтті.

Тараптар жобаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін ағымдағы кезеңде осы мәселелерді бірлесіп зерттеуді бастауға келісті.

Еске сала кетсек, өткен жылы Бішкекте Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан темір жол құрылысын жүргізетін компания құрылғанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар