Қытай көктем мерекесін тойлап жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Қытай тұрғындары 17 ақпан түні ай күнтізбесі бойынша жаңа жылдың басталуын білдіретін Көктем мерекесін қарсы алды. Жылқы жылын мерекелеу құрметіне елде тоғыз күндік демалыс басталды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мерекені ресми түрде бастады. Халық жиналыстарының үлкен залында сөз сөйлеген Қытай басшысы елдегі және шетелдегі отандастарын құттықтап, кіріп келген жаңа жылдың ерекше символизмін атап өтті.
Си Цзиньпиннің айтуынша, қытай мәдениетінде жылқы энергияны, күш пен төзімділікті бейнелеп, тұрақты прогресті білдіреді. Қытай төрағасы қытай халқын Жаңа жылда жоғары рухты сақтауға және елді жаңғыртуға сенімді түрде ұмтылуға шақырды.

China Media Group ұйымдастырған үлкен гала-концерт Жаңа жыл қарсаңындағы басты медиа оқиға болды. Шоу 13,5 млрд-тан астам қаралым жинап, тарихи рекорд орнатты. Сахнада халықаралық жұлдыздар өнер көрсетті. Аңызға айналған Джеки Чанмен бірге америкалық Лайонел Ричи мен Джон Ледженд, француз әншісі Элен Роллес және ирландиялық Westlife тобы өз хиттерін орындады.

Ғарыш кеңістігін шарлап отырған қытайлық ғарыш кемелері де мерекеден тыс қалған жоқ. «Шэньчжоу-21» ғарыш кемесінің экипажы станцияны дәстүрлі стильде безендіріп, алғаш рет ғарыш пешінде торт пісіріп, бейнехабарлама арқылы барша жұртқа амандық пен бейбітшілік тіледі.


Дәстүр бойынша, мереке үлкен отбасылық мерекелер, отшашулар және жарқын безендірулермен атап өтіледі. Көшелер мен үйлер қызыл шамдармен және сәттілік тілейтін «чуньлянь» каллиграфиялық шиыршық қағаздарымен безендірілген. Ел қалаларында ғибадатхана жәрмеңкелері, шамдар фестивалдері және дәстүрлі арыстан мен айдаһар билері өтіп жатыр.

Жаңа жыл мерекесі сондай-ақ «чуньюнь» — әлемдегі ең үлкен жыл сайынғы көші-қонмен ерекшеленді. Миллиондаған адам мерекенің ең маңызды дәстүрі — отбасылық кездесулер үшін туған қалаларына оралады.


Қытай халқының жаппай көші-қоны кезеңінде Қытай бойынша теміржол станцияларында, әуежайларда және пойыздарда гуманоидты роботтар жұмыс істей бастады. Адам тәріздес роботтар жоғары жылдамдықты пойыз вагондарынан бастап әуежай терминалдарына дейін күтпеген жерден қытайлықтардың туған жерлеріне саяхаттарының бір бөлігіне айналып, дәстүрлі демалыс сапарларына жарқын технологиялық әсер қосып отыр.

Осыған дейін көктем мерекесіне орай Қытайда жолаушылар саны 10,5%-ға артатынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Қытайда миллиондаған отбасы мерекелік дастархан басына жиналып жатқанда, үш тайконавт Жерден 400 шақырым биіктікте көктем мерекесін тойлағанын жаздық.