Қытай компаниялары Қазақстанда «жасыл» жобаларға белсенді инвестиция салып жатыр — Бас консул
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қытай баламалы энергия көздері саласында әлем бойынша көшбасшы. Сондай-ақ Қазақстандағы жасыл энергетика жобаларын жүзеге асыруға белсене қатысып жатыр. Бұл туралы Qazaq Invest Forum-2025 форумында Қытайдың Алматыдағы бас консулы Цзян Вэй мәлім етті.

Ол Қытай мен Қазақстан әріптестігінің маңыздылығын атап өтті.
— Қытай мен Қазақстан — ортақ тау мен өзен арқылы байланысқан тату көрші, бір-біріне жоғары деңгейде сенетін сенімді дос, табысқа бірге жетуге көмектесетін серіктестер, — деді Цзян Вэй.
Бас консул Қытай жаңартылатын энергия көздері саласына әлемдегі ең ірі инвестор екенін тілге тиек етті. Қазақстанда жасыл жобаларға белсенді қаржы құйып жатыр. Соңғы бес жылда Қытайдың Қазақстандағы жасыл энергия секторындағы инвестиция көлемі 3 млрд доллардан асты.
Қытайдың жетекші компаниялары елдегі жасыл энергетика жобаларына тікелей қатысып жатыр.
— Бұл форум жасыл даму мен инвестициялар мәселелеріне арналған. Біз екі ел кәсіпорындары осы алаңды тәжірибе алмасу, жаңа өзара мүдделерді анықтау және жасыл энергетика мен цифрлық технология сияқты маңызды салаларда бірлескен жобаларды іске қосу үшін тиімді пайдаланатынына үміттенеміз, — деді Цзян Вэй.
Инвестициялық форум аясында капиталы 10 млрд доллар болатын Kazakh-Asia Investment Fund трансұлттық қорының іске қосылуы туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, жалпы сомасы 224 млрд теңгеден астам келісімшарт жасалды.
Осыған дейін Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Industrial and Commercial Bank of China басқарма төрағасы Лю Цзюньмен кездескен болатын. Онда инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету перспективалары және ұзақмерзімді қаржыландыруды тарту мәселелері талқылады.