Қытай қоршаған ортаны сауықтырудың бес жылдық жоспарын жариялады

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай билігі 2025–2030 жылдар аралығында халық денсаулығын қорғау мақсатында қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға бағытталған іс-қимыл жоспарын жариялады, деп хабарлайды Синьхуа.

Қытайдағы Янцзы өзені
Фото: Синьхуа

Құжат ҚХР Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі мемлекеттік басқармасы мен басқа да бірнеше мемлекеттік мекеме бірлесіп әзірлеген. Онда қоршаған ортаны экологиялық жағынан қауіпсіз әрі өмір сүруге қолайлы етуге бағытталған 16 нақты шара ұсынылған.

Соңғы жылдары Қытайда қоршаған ортаны сауықтыру бағытында елеулі жетістіктерге қол жеткізілді: қалдықтарды сұрыптау және кәдеге жарату жүйесі оңтайландырылып, ауаны ластаумен күрес шаралары күшейтілді, төтенше жағдайларға экологиялық гигиена саласында әрекет ету мүмкіндіктері артты. Алайда жаһандық климаттық өзгерістердің үдеуі бұл салада жаңа сын-қатерлер туындатып жатыр.

Жоспардағы негізгі шаралар қатарында:

  • тұрғындар арасында теңгерімді тамақтану мен қалыпты дене белсенділігін ынталандыру,

  • тұрғын аудандарда қалдықтарды басқару мен сұрыптауды жетілдіру,

  • көгалдандыру жұмыстарын ілгерілету,

  • жайлы жаяу жүргіншілер жолдарын салу,

  • әртүрлі мемлекеттік мекемелердің экологиялық саясаттарын тиімді біріктіру,

  • қоршаған ортаны бақылау, қауіптерді бағалау және ерте ескерту жүйелерін жетілдіру бар.

Жоспар 2030 жылға қарай мынадай екі негізгі мақсатқа қол жеткізуді көздейді:

  1. Ішуге жарамды судың сапасын үздіксіз жақсарту;

  2. Қоғамның қоршаған орта мен денсаулыққа қатысты ақпараттану деңгейін кемінде 25%-ға дейін арттыру.

— Қоршаған ортаның денсаулыққа әсерін ескеретін ұстанымдар түрлі салалардағы мемлекеттік саясатқа интеграциялануы тиіс, — деп мәлімдеді Аурулардың алдын алу және бақылау жөніндегі мемлекеттік басқармасының өкілі.

Ведомство құжатты жұртшылық арасында кеңінен түсіндіру, мемлекеттік органдармен өзара үйлестіруді нығайту және жергілікті билікке жағдайға сай экологиялық ортаны жақсарту бойынша әдістемелік көмек көрсету жұмыстарын жалғастырмақ.

Осыдан бұрын Қытай бала күтімі бойынша субсидияға 12,6 млрд доллар бөлетіні белгілі болды.

Соңғы жаңалықтар